2025 жылы елде зейнетақы төлемдері ұлғаяды

Иә, 2,5 млн зейнеткердің табысы артпақ. Бұған 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы негіз.

Елде зейнетақы мөлшері артады

2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасында әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтуға баса назар аударылады. Economy.kz порталының сарапшысы Лина Егельқызы мемлекеттің нақты мұқтаж жандарға көмек көрсетуге ден қойып отырғанын байқаған. Әсіресе қарт азаматтарды зейнетақымен қамту назарда. Мәселен, алдағы 2 жылда орташа зейнетақы көлемі кезең-кезеңімен өсіп отырады. Келесі жылы көрсеткіш 96 562 теңге болса, 2026 103 376 теңгені құрайды. 2027 жылы 110 185 теңгеден асады. Сарапшы 2023 жылдан бері базалық зейнетақы мөлшерінің өсіп жатқанын да атап өтті. Бұған Мемлекет басшысы бастамашы болған. Сөйтіп 2027 жылға қарай ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері 55 145 теңгеге жетеді. «Бұл қаражат зейнеткерлердің өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді», – дейді. Енді қаражатты дұрыс пайдаланып, әлеуметтік саясатты жетілдіру қажет. Қазір бюджет жобасы Парламент қарауында жатыр.

Лина Егельқызы, Economy.kz порталының сарапшысы:

- 2025-2027 жылдарға арналған Қазақстандағы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған бюджет шығындары мемлекеттің азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыруға ұмтылысын көрсетеді. Зейнетақылар мен жәрдемақылардың біртіндеп өсуі, балаларды қолдау, мүмкіндігі шектеулі жандарды және басқа да санаттарды қолдау шаралары әлеуметтік қорғау жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл шаралардың сәтті жүзеге асырылуы үшін тиімді басқару, қаражатты дұрыс пайдалану және әлеуметтік саясатты жетілдіру қажет.

 

Әлеуметтік салаға басымдық беріледі

Жалпы 2 жылға арналған бюджеттен 9,8 трлн теңге әлеуметтік салаға бағытталады. Мұны қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеген еді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сүйенсек, 2025 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 96 мың теңге, ең жоғарғы мөлшер 213 мың теңгені құрайды. 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы шеңберінде келесі жылы зейнетақы төлемдеріне 4 трлн теңге, оның ішінде жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне 2 трлн теңге, базалық зейнетақыға 1,5 трлн теңге көзделеді.

 

Сарапшы: Зейнетақы жүйесіне реформа қажет

Экономист Меруерт Махмұтова: «Зейнетақы жүйесіне реформа қажет», – дейді. Ең төменгі жалақыны да ұлғайту маңызды. Қазір 2 млн-ға жуық адам 85 мың теңге айлық алып отыр. Зейнетақы қорына түсетіні – 10%. Яғни жинағы айтарлықтай бола бермейді. Алғашқы төлемнен 10% салық алынатыны тағы бар. Оны алып тастауды құзырлы министрлік те ұсынып жатыр. Бұл зейнеткерлердің табысына оң әсер етері анық. Меруерт Махмұтова индексацияны ұлғайту қажет деген пікірде. Қазір оның көлемі – 5%.

Меруерт Махмұтова, Public Policy Research Center директоры:

- 10 жылдың ішінде зейнет қорынан түскен қаржының табысы 1%-тен төмен. Инфляция 22% болды. Бірақ зейнеткерлерге индексация жасайды ғой. Сонда индексацияны 10%-ке ғана істеді. Сондықтан зейнеткердің алып отырған зейнетақысы инфляциядан құнсызданып бара жатыр.

 

БЖЗҚ 31 млн қызмет көрсетті

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры биыл 31 миллионнан астам қызмет көрсеткен. Оның 15 млн-ы онлайн, 15 млн-ға жуығы автоматты түрде, жарты млн-дайы қашықтан жүзеге асырылыпты. Мамандар автоматты режимдегі қызмет үлесі артқанын айтады. Бұған жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасын енгізуі және «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде төлемдерді есепке алу және есептеу бойынша қызмет ауқымының кеңеюі ықпал еткен.