Депутат: Орманшылардың жалақысы әлі өспеген

Қарапайым орманшылар уәде етілген жалақысына жете алмай жүр.

Орман үшін от кешкен мамандардың айлығы әлі өспеген. Мәжіліс отырысында депутат Нартай Аралбайұлы орманшылардың базынасымен бөлісті. Оның айтуынша, Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың жалақысы өседі» деп айтқан. Бірақ жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне ғана қосылған. Биыл мәселе тағы көтеріліп, 1 шілдеде Премьер-Министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес, ормандағы өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Бірақ биылғы құжатта айтылған мәселе де қағаз жүзінде қалған. Орманшылар қаулы Қызылорда облысында, Арал ауданында, Павлодар облысында, Маңғыстау облысында, Қостанай облысында, Жетісу облысында орындалмады деп ресми арыз жазған.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулысы бар да қаржысы жоқ. Салдары ауыр, жалақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке барғысы келмейді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді. Жоғарыда айтылған мәселелерді зерделеп, 2024 жылдың 1 шілдесінде қол қойылған  қаулының толыққанда орындалуын қадағалап, Қазақстандағы орман шаруашылығындағы мамандардың лауазымдық жалақыларына 100 пайыздық өсімақының қосылуын қамтамассыз етуіңізді сұраймын.