Елде 15,7 текше шақырым жерасты су қоры бар
Елде су қоры жеткілікті. Бірақ қауіп те жоқ емес.
Су үнемдеу технологиясын жеделдетіп енгізбесе, келешекте су тапшылығы болуы мүмкін. Сондықтан жер үстіндегі де, жер астындағы суды да үнемдеу қажет. Еуразияның қақ ортасында жатқан Қазақстанға судың басым бөлігі көрші мемлекеттерден келеді. Яғни су мәселесінде тәуелділік бар деген сөз.
Сарапшылардың айтуынша, 15 жылда әлемдегі ауыз суға сұраныс 50 пайызға артады. Ал Қазақстан 2050 жылға қарай суға зәру мемлекеттер қатарына енуі мүмкін. Бұл туралы былтыр Президент те айтты. Дегенмен Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір елде тұщы су қоры жеткілікті. Жер астында су мол, трансшекаралық өзендер арқылы да ойдағыдай келіп жатыр.
Қазір елде 4540 жерасты су орны бары анықталды. Болжам бойынша ол жерлердегі су қоры – 16 текше шақырымға жуықтайды.
Бүгінде елде Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылды. Бұл орталыққа жерасты суларын басқару, барлау жұмыстарын жандандыру міндеттеліп отыр. Яғни мамандар жер қойнауындағы ресурсты ұтымды пайдалану мәселесін ұйымдастырады, бақылайды. Қазіргі уақытта елдегі тұщы суға сұраныстың басым бөлігін жер бетіндегі су көздері беріп отыр.
Гауһар Баспақова, География және су қауіпсіздігі институтының аға ғылыми қызметкері:
- Су тұтыну көлемі көпжылдық норма бойынша 23-24 км кубты құрайды. Соның ішінде жер беті су ресурстарынан алынатын, ол 95% жер беті су ресурстарынан алынады. Егер де 0,5%, яғни, 1,3 км куб ол жерасты суларынан алынса, ал 21-22 км куб жер беті су ресурстарынан алынады. Ең көп су пайдаланатын экономика салалары, бұл ауыл шаруашылығы, соның ішінде суармалы жерлер. Олар суларды қайтарымсыз пайдаланады.
Судың басым бөлігін ауыл шаруашылығы тұтынады
Елдегі бір жылдық су тұтыну көлемі – 106 текше шақырым. Оның 56%, яғни 59 текше шақырымы жауын-шашыннан, ішкі су көздерінен жиналады. Қалған 44 пайызы іргелес елдерден келіп отыр. Үкімет ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологиясын енгізуге күш салмақ. Себебі бұл сала су қорының 60% тұтынып отыр. Яғни салаға тәулігіне 40 мың тоннадан астам су жұмсалады. Алайда мұндағы жерасты суларының үлесі – 1,2%. Немесе тәулігіне жер астынан шыққан судың 548 тоннасын кәдеге жаратып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігі агроөнеркәсіп кешенінде осы суды көптеп пайдалануға ниетті. Яғни қазір егіс алқаптарын суаруда жерасты сулары үлесін арттыру бағытында жұмыс істемек. Ал халықтың тұрмысына қажет судың басым бөлігі жерасты көздерінен алынып отыр.
Гауһар Баспақова, География және су қауіпсіздігі институтының аға ғылыми қызметкері:
- Коммуналдық-тұрмыстық, ауызсуға пайдаланатын су, ол 1 км куб шамасында ғана. Бірақ оның барлығы дерлік жерасты суларынан алынады. Барлығы, қарап тұрсақ, су қоры жеткілікті бізде. Бірақ аймақтар бойынша кейбір-кейбір аймақтарда бізде жеткіліксіз. Түркістан облысында және Қызылорда облысында Арал-Сырдария алабының қалыптасатыны көбінесе осы оңтүстік, Түркістан облысында шоғырланған да, ол жерде шамамен 3 куб км су қалыптасса, Қызылорда облысында кішкене ғана су қалыптасады, қалыптаспайды да.
Маңғыстауда су тұшытатын 9 зауыт салынып жатыр
Ауызсу тапшы өңірдің бірі – Маңғыстау. Аймақтағы халық теңіз суын тұшытып ішіп отыр. Қазір 200 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз ететін «Каспий» зауытында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Соның арқасында зауыт қуаты екі есе артып, тәулігіне 40 мың текше метр суды тұшыту мүмкіндігіне ие болады. Бұл мақсатта Үкімет резервінен қосымша 5 млрд теңге бөлінді. Таяу арада зауыттағы жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұдан бөлек өңірде 9 зауыт тұрғызылып жатыр. Бұл зауыттарда күніне 140 мың текше метрден астам су тұшытылады. Бірнеше кезеңде жүзеге асырылатын жобалар өңірдегі ауызсу тапшылығын жоюға тиіс.
Жалпы, қазір жауапты министрлік су құбырларын тарту бойынша 28 жобаны қолға алды. 2 мың шақырымнан астам құбыр салынады. Бұл жобалар шеңберінде 426 елді мекенге ауызсу тартылады. 1 млннан астам адам сапалы ауызсуға қол жеткізеді.
Валюта бағамы
Доллар сәл арзандады. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша бүгінгі құны – 482 теңге 86 тиын. Еуро да арзандап, 533 теңге 17 тиынға бағаланды. Ресей рублінің бағасы 5 теңге 8 тиын сомасында тұрақтады. Ал Қытай юанінің құны – 68 теңге 81 тиын.