Отандық зауыт күніне 80 тонна астықты қайта өңдейді
Қазақстан Иранға астық экспорттауды қайта жаңғыртты. Өткен айда көрші елге 140 мың тонна өнім сатылды.
Десек те, отандық тауар импорттаушылардың көш басында Ауғанстан, Қытай және Орталық Азия елдері тұр. Ішкі нарықта да сұраныс бар. Мәселен, Степногорск қаласындағы спирт зауыты күніне 80 тонна астықты қайта өңдейді.
Степногорсктің бұрынғы атауы – Целиноград-25. Бұл жерде биологиялық қару дайындалғандықтан жабық қала болған. Бүгінде жағдай мүлдем басқаша. Шағын шаһар Ақмола облысының өнеркәсіп орталығы саналады. Алтын, уран және дизель өндірісі жолға қойылған. Одан бөлек, астықты қайта өңдейтін кәсіпорны да бар.
Никита Диктюк, кәсіпорын директоры:
- Бидайды біржолғы сақтау қоймасының сыйымдылығы 4 мың тонна. Жыл сайын 1400 тонна арпа және 400 тонна тары қорымен қамтамасыз етеміз.
Қойманың көлемді болғанына қарамастан қор лезде таусылады. Механикалық станоктар күніне 60-тан 80 тоннаға дейін дәнді түйіршіктеп, әбден пісіреді. Ал бидайды зауыт тек қазақстандық диқандардан сатып алады. Биыл егін бітік шықты. Оны жергілікті элеваторлар қабылдап алып, тазартып және кептіріп сақтауға әлеуеті жетпей тұр. Осыған байланысты кәсіпорын шаруаларға көмектесуге дайын.
Никита Диктюк, кәсіпорын директоры:
- Өткен жылмен салыстырсақ, биыл сату көрсеткіші 3 есе жоғары. Бізге ұсынып жатқан баға да көңілге қонымды. Арпа мен бидайға және тарыға сұраныс анағұрлым өсті.
Кәсіпорындағы құрылғылар қалыпты жұмыс істейді. Техникалар ұдайы жаңартылып отырады. Өндіріс көлемінің тұрақты артуы да сондықтан.
Наталья Нисневич, кәсіпорындағы учаске басшысы:
- Жаңашылдықтан қашпаймыз. Басшылық бір орында тұрып қалмай, бәрін егжей-тегжейлі ойластырып, үнемі жаңарту саясатын ұстанады.
Бүгінде кәсіпорын толық қуатта жұмыс істейді. Өнімдер экологиялық таза шикізаттан өндіріледі. Синтетика қолданылмайды. Барлығы 165 адам еңбек ететін ұжымда жылына 20 мың тонна дәнді дақыл қайта өңделеді.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Рауль Ғабитов