ШОБ субъектілері 3%-ке артқан
2029 жылға дейін ел экономикасындағы орта бизнес үлесі 15%-ке арту керек.
Мемлекет басшысы Жолдауында осыны тапсырды. Әзірге шағын бизнестің бәсі басым тұр.
2050 жылға қарай ШОБ-тің ЖІӨ-дегі үлесін 50 пайызға жеткізу керек. Мемлекеттің стратегиялық межесі осындай. (графика) Шағын және орта бизнес субъектілері жылдан жылға көбейіп жатыр. Әзірге олардың экономикадағы үлесі айтарлықтай емес. Мәселен, былтырғы жарты жылдықтан 1 пайызға ғана өскен. Қазір 37,7%-ға тең. Бұл көрсеткішке кейінгі 10 жылда жеттік.
Тіркелген көп бизнестің 2 млн-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда 4 млн адам еңбекпен қамтылды. Алғашқы жартыжылдықта олар 16 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 22%-ға көп. Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік бағдарламаларды арттыра түсу керек дейді. Әсіресе, шағын бизнесті үлкеюге ынталандыру маңызды. Қазір орта кәсіптің экономикадағы үлесі 7 пайыз шамасында. Қабылданатын нақты шаралар нәтижесінде көрсеткішті екі есе арттырып, 15 пайызға жеткізу қажет.
Кәсіпкерлік реестрін түзу қажет
Ал Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы шағын және орта бизнес үшін өңірлік даму бағдарламаларын түзуді ұсынады. Мамандар кәсіпті әр аймақтың ерекшелігі мен қажеттілігіне қарай дамыту керек дейді. Бұл салықтық түсімнің шамамен 15 пайызға артуына ықпал етеді. Туризм, IT, ауыл шаруашылығы, логистика, өңдеу салаларында жаңа жұмыс орындары көбейеді. Әзірге өңірлерде ұсақ кәсіп иелерінен гөрі, ірі өндіріске көбірек көңіл бөлінеді. Себебі ірі кәсіпкерлік көрсеткіші аймақтың дәрежесіне оң әсер етеді. Бұған дейін үкімет басшысы да жергілікті орта бизнесті дамытудың нақты тетіктері қажет деді. Олар мемлекеттік қолдау мен мемлекеттік сатып алудан кенде қалмауға тиіс екенін ескертті.
Назгүл Мақжан, Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:
- Әр ауданға, әр аймаққа өзінің жеке дамыту бағдарламасын іске асыру ұсынысы қателеспесем, кем дегенде 10 жыл бойы кәсіпкерлер тарапынан айтылып келе жатқан мәселе негізі. Солтүстік пен оңтүстіктің кәсіпкерлерінің айналысып жүрген кәсіптерінің жүргізу ерекшеліктерінің айырмашылығы өте көп. Диқаншылар болса да, егін өсірсе де, солтүстікте атқарылған шаруа бізде іске аспайтыны анық.
Кәсіпкерлікті қолдау тетігін жүйелеу керек
Қаржы министрлігінің дерегіне сүйенсек, елдегі мемлекеттік қолдау шаралары жүзден асады. Алайда барлығы бірдей қолжетімді емес. Бірінің талабы тым күшті болса, енді бірі нақты мұқтаж бағыттарға жетпей жатады. Демек бағдарламалардың қаншалықты тиімді екенін екшеу үшін деректерді интеграциялау маңызды. Осы ретте ұлттық палата кәсіпкерлер реестрін жинақтауға кіріскен. Оған мемлекеттен көмек алып отырған салалар да енгізіледі. Бұл тізім үкімет пен бизнесті жақындата түседі. Түрлі әкімшілік кедергілердің жойылуына себепші болады дейді мамандар. Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Назгүл Мақжан қабылданатын өңірлік және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді болуы үшін ұзақ мерзімге бағыттаған жөн дейді. Салық жүйесін де біріздендіру маңызды. Кәсіпкер болашақ әріптестеріне сын-тәуекелге дайын болуды ескертті.
Назгүл Мақжан, Іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі:
- Енді-енді тәй-тәй басып, қолына тиын-тебені қосылып, кәсіп ашам деген адамдарды мен бұл қадамнан бас тартуға шақырам. Өйткені финплан, маркетплан ашқан кәсіптің 10 пайызы ғана. Көп кәсіпкерлердің минусы қаржылық сауаты өте төмен болып келеді. Бірақ жүйелі түрде кәсіпті дамытуға қабілеті жетпей жатады.
Шағын және орта бизнесті несиелеу үлесі артты
Елде бизнеске бөлінген қарыз 16%-ке артқан. Ұлттық банк таратқан дерекке сай, өткен айда 14 трлн теңгеге жуық несие рәсімделіпті. Берешектің басым бөлігін ШОБ өкілдері алған. 8,5 трлн теңге. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 19 пайызға көп. Тізімді ірі кәсіп иелері жалғайды. Оларға берілген қарыз көлемі 13 пайызға көбейіп, 5 жарым трлн теңгеге жақындады. Әсіресе өндіріске көңіл бөлінген сияқты. Бұдан кейін сауда және байланыс салалары басымдыққа ие.