Ресейлік маркетплейстерде сауда қызып тұр

Елімізде алдағы 5 жылда электронды сауда үлесі 20% жеткізіледі.

Оған саланы дамытудың кешенді жоспары ықпал етпек. Былтыр да электронды сауда нарығы рекордтық деңгей көрсетті. Бір жылдағы өсім 24%-тен асқан.

Логистиканың дамуы онлайн нарыққа оң әсер етіп жатыр. Мәселен, ресейлік маркетплейстердің өнімі елімізге айтарлықтай қарқынмен жеткізіле бастаған. 8 айда Wildberries өнімдері былтырғыдан 2 есе көп сатылыпты. Ал Ozon тұтынушылары 12 есе көбейген. Бұған елімізде іске қосылған ірі логистикалық орталықтардың да ықпалы зор. Қазір осындай екі нысан Астана мен Алматыда салынып жатыр. Мамандар ресейлік маркетплейстердің өнімділігі отандық бизнес үшін де тиімді дейді. Себебі франшизамен айналысатын кәсіпкерлер көбейген.

Біз Қазақстандағы нарығымызды жетілдіруге талпынып жатырмыз. Жылдың алғашқы тоқсанында тауарды жеткізу орындарындағы қызмет былтырғы сәйкес кезеңнен 15 есе артты. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге елдің өзге аймақтарында да сәтті жұмыс істеуге жағдай жасаймыз. Біздің платформада сауда жасау бәріне тиімді болу керек. Бұл тұрғыда ыңғайлы орындарға қаржылай қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз.

2030 жылы онлайн сауда үлесі 20%-ға жетеді

2030 жылға қарай Қазпошта арқылы жыл сайын 135 млн сәлемдеме жіберілуі мүмкін. Яғни әр адамға 20 сәлемдемеден келеді. Қазірдің өзінде 1 адамға кем дегенде 5 өнім жеткізіледі екен. Елде онлайн сауданы дамытудың кешенді жоспары жүзеге асып жатыр. Оның аясында электронды сатылым үлесін 20 пайызға жеткізу көзделеді. Бұл нарыққа сұраныс көп. Әзіргі айналым 1,8 трлн теңгеден асқан. Тұтынушылар байланыс құралдарын, тұрмыстық техника, көлік жабдықтары мен құрылыс материалдарын қашықтан алады. Киім-кешек пен азық-түлікке де онлайн тапсырыс беретіндер жетерлік.

Бүгінде 800 кәсіпорын өз өнімін интернет ресурстары арқылы сатып отыр. Олардың табысы 672 млн теңге. Бұл айтарлықтай аз көрсеткіш. Себебі қазір маркетплейстердің дәурені жүріп тұр. Онлайн сауда айналымының 72% осы нарық қамтиды. Оның 44-і отандық жеткізуші.

Халықаралық маркетплейстерде өнімдеріміз бар

Отандық тауарлар да халықаралық маркетплейстерге орналастырылып жатыр. Сауда және интеграция министрлігі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік жасалатынын мәлімдеді. Алматы облысындағы Орталық Азия логистикалық хабы соған дәлел. Жобаға "Қазпошта" мен қытайлық логистикалық компания жауапты. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтыр халықаралық маркетплейстерде 3,7 есе өсім көрсеткен кәсіпорындарымыз болған.

Тұтынушылар шағымы 130%-ға артты

Жыл басынан бері тұтынушылар құқығын қорғаушыларға 43 мыңға жуық өтінім түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 130%-ға артық. Нәтижесінде құқығын қорғауға талпынған азаматтарға 1,36 млрд теңге қайтарылған. Бұл былтырғыдан екі есе көп.  Шағымдардың 43 пайызы бөлшек сауда секторына тиесілі. Ал электронды сауда үлесі 23%-дан асады. Бұл 10 мыңға жуық өтінім. Шағымданған азаматтар тауар сипаттамасының шындыққа жанаспауына, сатушы туралы ақпараттың болмауына және ақшаны қайтарудағы қиындықтарға тап боп жатады.