Елде жалға пәтер беретін 124 мың кәсіпкер бар

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша елде ресми тіркелген жалға пәтер берушілердің табысы 6 жылда екі жарым есе өскен.

Олар осы уақыт аралығында 98 млрд теңге табыс тауыпты. Қазір тұрғын үй нарығындағы ахуал қандай?

Қазақстанда 124 мыңға жуық адам ресми түрде пәтерін жалға беріп отыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген олар былтыр 93 млрд теңгеден астам салық төлеген.  Пәтер қожайыны жыл сайын орта есеппен 2 млн теңге табыс табады. Табыс көлемі жыл санап өсіп келеді. Мәселен кейінгі алты жылда жалдау ақысы 3,5 есе қымбаттады. Яғни әр шаршы метрдің құны 1500 теңгеден 5000 теңгеге өсті. Дегенмен биыл сәл арзандады. Тамыз айында әр шаршы метрді жалдау ақысы 4 мың теңгеге бағаланды. Жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшылардың пайымдауынша, бағаның құбылуына ішкі миграция айтарлықтай әсер етіп отыр.

Лев Тетин, сарапшы:

- Әрине, миграция, оның ішінде ішкі көші-қон нарыққа ықпал етеді. Қазір Астана мен Алматы халқының саны жыл сайын 50-60 мың адамға көбейіп келеді. Қалаға келген адам алдымен баспана іздейді. Бірден пәтер сатып алуға шамасы жетпесе, пәтер жалдайды. Ал сұраныс көбейген сайын баға да өсе беретіні анық.

Ең арзан пәтерақы Түркістан мен Таразда

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, ең қымбат жалдамалы пәтерлер Алматы мен Астанада.

Егер Алматыда 1 шаршы пәтер құны 5300 теңгеге бағаланса, Астанада – 4600 теңге. Ал облыстар орталықтарында баға арзандау. Қалалардың көпшілігінде шаршы метр құны 3 мың теңге сомасында. Ал ең арзан жалдамалы пәтерлер – оңтүстік өңірлерде. Мәселен, Түркістанда әр шаршы метр үшін 2400 теңге төлейсіз. Таразда одан да арзан, яғни 2  100 теңге.

Егер Алматыда 50 шаршы метрлік баспананы 265 мың теңгеге жалдасаңыз, Таразда тап сондай баспананы 105 мың теңгеге жалдауға болады дейді сала мамандары. Ал Астанада 230 мың теңге шығындануға тура келеді. Әрине, бұл деректер жарнама сайттарындағы баға негізінде түзіліп отыр. Сондықтан жалдау ақысы пәтердің орналасқан ауданы, жиһаз-жабдығы мен жағдайына қарай өзгеретіні белгілі. Ал келешекте нарықтағы ахуал қандай болуы мүмкін?

Лев Тетин, сарапшы:

- Келесі жылы пәтерақы арзандауы да, қымбаттауы да мүмкін. Бұл нарықтағы сұранысқа байланысты. Қазір қалаларда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Егер осы құрылыс екпіні баялауса, пәтердің құны да, оны жалдау ақысы да қымбаттайды. Менің ойымша, қымбаттаса да, ол баға ұзаққа бармай арзандауы мүмкін.

Биыл кезекте тұрған 7 мың адам пәтер алды

Енді мемлекеттік қолдау шараларына тоқталсақ. Былтыр 17,5 млн шаршы метр баспана салынды. Ал биыл 18 млн шаршы метр үй тұрғызу көзделіп отыр. Осы баспаналар қатарынан әлеуметтік осал топтарға тұрақты түрде үй беріліп келеді. Биылғы 8 айда осал топтар үшін 2,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынды. Ал жергілікті атқарушы органдар кезегінде тұрғандарға 5 мың кредиттік пәтер салынды.

Қазір тұрғын үй кезегінде 648 мыңнан астам адам тұр. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының 26 ардагері, 61 мыңнан астам жетім бала бар. Сонымен қатар 130 мыңнан аса көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар тұр. Бұлардан бөлек, кезекке әлеуметтік осал топтар, бюджеттік қызметкерлер, мемлекеттік және әскери қызметшілер, баспанасы апатты деп танылған азаматтар енгізілген.

Былтыр кезекте тұрған 9 мың адамға үй берілді. Ал биылғы сегіз айда 7 мыңға жуық азамат қоныс тойы тойлады. Үкімет жыл сайынғы баспанамен қамту көрсеткішін 10 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін түрлі бағдарламалар қолға алынуда. Мәселен, Алматы, Астана және Шымкент қаласында тұратын жастарға 800-ден астам үй жалға беріледі. Бұл үйлерде олар 3 жылға дейін тұрады. Келешекте өз үйін алам деген жастардың жұмыс істеп, ақша жинауына бұл үлкен мүмкіндік екені сөзсіз.

Валюта бағамы

Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллардың бүгінгі құны –  489 теңге 6 тиын. Еуро 536 теңге 21 тиынға бағаланды. Ал Ресей рублінің бағасы 5 теңге 5 тиын сомасында тұрақтаса, Қытай юанінің құны – 69 теңге 21 тиын.