Диқандар қант қызылшасының жиын-теріміне байланысты алаңдаулы

Биыл қант қызылшасын еккен жамбылдық диқандар өніміміз далада қала ма деп алаңдайды.

Себебі аймақтағы қант зауыты тәтті түбірді қабылдап үлгере алмай жатыр. Қазір кәсіпорын алдында жүк көліктері ұзын-сонар кезекте тұр. Мәселе қалай шешіледі?

Биыл Жамбыл облысы қант қызылшасын егуде рекорд орнатты. Өнім көлемі 600 мың тоннадан асты. Бұл былтырға қарағанда 3 есе көп. Аймақтағы екі қант зауытының біреуі ғана қызылшаны қайта өңдейді. Сол себепті диқандар Меркідегі зауыттың алдында 4 күннен бері түнеуге мәжбүр.

Нұрдәулет Ахметов, шаруа:

- Күніге кезек, келесің үш күндеп, төрт күндеп жатасың, мына жақта жейтін тамағың, шығының бар. Жан-жаққа жіберіп, мынандай кезек қылмай, ертерек бітірген дұрыс қой. Мынау қарқынмен ұра беретін болса наурызға дейін барайын деп тұр ғой. 

Қазір тонналаған қызылша алқап басында жатыр. Байзақ ауданында 2,5 мың гектарға егілген тәтті түбірдің бар болғаны 400 гектары қазылған. Ал Меркідегі зауыт бұған дейін күніне 3,5 мың тонна шикізат қабылдаса, қазір кезек көбейгендіктен 5 мың тоннаға ұлғайтып отыр. 

Нұржан Қарғабаев, Меркі қант зауытының бас директоры:

- Жамбыл облысында екі қант зауыты бар. Зауытты қосу керек. Мына біз көріп жатсыз үлгермей жатырмыз. Бұрын қарашаның 30-ында тоқтатушы едік. Енді мына желтоқсан айына кетіп қалайын деп тұрмыз. Облыс бойынша 150 ауыл шаруашылық қожалықтарымен келісімшартқа отырдық, солар тасып жатыр.

Шаруалардың бұл мәселесінен облыстық әкімдік те, үкімет те хабардар. Қазір республикалық комиссия құрылды. Арнайы топ жақын арада мәселенің шешімін тауып көрмек.

Әбілхайыр Тамабек, облыс әкімінің орынбасары:

- 24 сағат жұмыс істейміз деп кеткен. Бірақ айтпы отырмын ғой. Зауыт міндеттемелерін орындамай отыр. Сол үшін үкімет деңгейіне шығардық бұл мәселені. Қазір комиссиясы келсін, 2 күнде анықтайды ғой. Одан кейін барып міндетті түрде басында келіскен  келісіме келеміз деп ойлаймын. Жаңадан график жасаймыз. 2 - 2,5 мың тонна күндігіне осы 3 ауданға лимит алатын боламыз.  

Бұған дейін ауыл шаруашылығы басқармасы артық өнімді Талдықорғандағы Ақсу қант зауытына жіберетіндерін айтқан. Бірақ облыстан шалғай жерге шаруалардың барғысы жоқ. Жергілікті билік дақылдарды далада қалдырмау үшін Қырғызстандағы кәсіпорындармен келісіп көрмек.

Мерей Бает, Елдар Байділдә