Қазақстан мен Австрияның іскерлік топтары бас қосты
Қазақстан мен Австрия экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Бұл жайлы Венада өткен іскерлік кеңестің кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды 24kz.
Осымен 9-рет ұйымдастырылған шараға екі елдің үкімет өкілдері, ұлттық және жеке компаниялардың басшылары, кәсіпкерлер мен қаржылық ұйымдардың мамандары қатысты. Қазақстан мен Орталық Азия нарығына қызыққан Австрия тарапы 2005 жылдан бері елімізге 3 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция құйған. Екіжақты байланыстың ендігі болашағы қандай болмай?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Австрияға қажетті мұнайдың 40%-тен астамы Қазақстаннан келеді. Екі ел тарапы экономикасын әртараптандыру мақсатында іскерлік топтарының басын осы елдің астанасы Венада қосып отыр.
Жүйелі дамып келе жатқан ынтымақтастықты үдете түсу үшін еліміздің делегациясы Венаға мемлекетіміздің мүмкіндіктерін тағы бір мәрте паш етті. Бұл кездесудің саяси дипломатиялық маңызы жоғары. Екі елдің 60-қа жуық компаниясының басын қосқан жиын жақында өткен Австрия билігінің жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр.
Мұхтар Тілеуберді, ҚР Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Бұл парламенттік сайлау нәтижесінде жаңа партиялар билікке келді. Сондықтан қазіргі таңда бұл партиялар жаңа үкіметті құрайды. Жаңа үкімет келгеннен кейін жаңа ішкі саясат пенен жаңа сыртқы экономикалық саясатты жүргізеді. Келетін үкіметке, министрлерге, немесе партияның өкілдеріне, іскерлік топтар, осы мемлекеттің бизнесмендері Қазақстанменен ары қарай экономикалық ынтымақтастықты нығайту қажет деп сигнал беріп жатса, әрине, олар біздің елімізді приоритеттік деп қарайды деп білеміз.
Оның үстіне маңызы артып келе жатқан Қазақстанның транзиттік әлеуеті де Кәрі құрлық елдерінің назарын өзіне аударып отыр. Әрі қолайлы инвестициялық климат жасалып жатқан еліміздің аумағына өндіріс пен бірлескен кәсіпорындарды құру ұсыныстары да іздегенге сұраған болды.
Филипп Гади, Австрияның федералды экономикалық палатасының вице-президенті:
- Іскерлік кеңестің қызығып отырған бағыттары ретінде агросектордағы шикізаттан бастап, дайын өнім жасап шығаруына дейінгі салаларын атап айтуға болады. Сондай-ақ, көлік өндірісін де жандандыру мүмкіндіктерін назарға алып отырмыз. Осы бойынша алдыңғы қатарлы технологиямызды болашақта Қазақстан аумағында жүзеге асыруымыз әбден мүмкін.
Бұдан бөлек, жиында қолда бар жобалардың жүзеге асуы мен ары қарай дамуы да сөз болды. Өз презентацияларын жасап, жаңа инвесторлар мен серіктестерді тартқан қазақстандық компаниялар іскерлік кеңестің жемісті болғанын тілге тиек етті.
Нұрболат Айдапкелов, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Қандай жобалар бар, қандай жаңалықтар бар және де қолдағы бар жобаларды ары қарай қалай дамытамыз. Сол мәселелердің бәрін ақылдастық. Бизнес пен бизнес кездесіп, біраз пікір алмасып жатыр. Біздің мемлекеттік компаниялар тарапынан сол бойынша өзіміздің презентацияларды жасадық. Жалпы айтқанда, Қазақстан мен Австрияның іскерлік кеңесі өте жақсы жұмыс істеп жатыр.
Мұрат Қарымсақов, «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:
- Қазақстанда қазір 400-ге жуық австриялық компания жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде екі елдің бірлесе ашқан кәсіпорындары бар. Елімізге қызығушылықтың артып келе жатқанын байқап отырмыз. Атап айтар болсақ, өндіріс саласы, майнинг, «жасыл» экономика, сауда мен ауыл шаруашылығы бойынша зор мүмкіндіктер бар. Екі ел арасындағы сауда айналымы 400 млн АҚШ долларына жетейін деп тұр. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
Бұл көрсеткішті одан әрі арттыру мақсатында қос тарап келесі жылы сәуірде Астанада бас қосуға уағдаласты.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан