Елде жүзден астам сирек металл кен орны анықталды

Қазақстан жаңа мұнай дәуіріне көшуге әрекет жасап жатыр.

Ол дегеніміз әлемде сирек металға сұраныс артып келеді. Себебі мұндай металдар ғарыш, электронды технология салаларында көп қолданылады. Ал біздің ел екібастан сирек металдарға бай. Мәселен вольфрамның 2,4 млн тонна қоры бар. Енді бұл қорды ел кәдесіне қалай жаратамыз?

Сирек металдар – «Жаңа дәуір мұнайы»

Сирек металдар мұнайдың алдын орайтын күн жақын. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, алдағы 2-3 жылда литийге әлемдегі сұраныс екі есе өседі. Ал кобальт металы 70 пайызға қымбаттауы мүмкін. Сондықтан қазір сирек металдар «жаңа дәуірдің мұнайы» деп те айтылып жүр. Мәселен, осмий-187 элементінің бір грамының биржадағы құны 10 мың доллардан басталады. Ал калифорния металы одан да қымбат. Ашық дерек көздерінде 1 грамы 4 млн долларға бағаланған. Өркениет алға басқан сайын металдар бағасы да өсе бермек. Өйткені бұл металдар жоғары технологиялық жабдықтарда кеңінен қолданылады.

Медет Жүнісов, ғалым:

- Сирек жер элементтеріне қазіргі таңда сұраныс өте жоғары. Неге? Өйткені жаңа басында айтқандай жасыл технология бар, электрлі машиналар мысалы тоқпен жүретін. Қарапайым қолдағы телефон, айфонның өзінде шамамен бір 12-17-ге жуық элементтер қолданылады екен айфонның өзіне. Сондықтан сұраныс өте жоғары болғаннан кейін қазіргі таңда әлемдік дамыған мемлекеттерде осы металдарға жарыс өте көп, өте жоғары.  

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында 2026 жылға қарай 2 млн шаршы шақырымнан астам аумақты барлау жөнінде тапсырма берді. Бүгінде елде ең маңызды 34 металдың 19 түрі өндіріледі. (ГРАФИКА) Ал әлемдегі сұраныс артқан сайын Үкімет те бұл тізімді кеңейтуге күш салып отыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған ақпарат бойынша елде 100-ден астам сирек металл кен орны анықталды. Қазір 2 млн тоннадан астам вольфрам, 1 млн тонна молибден мен 227 мың тонна литий барланды. Сонымен қатар жер қойнауында тантал, ниобий, бериллий сынды металдардың мол қоры бар.

Сирек металл қоры бойынша Боливия көш бастап тұр

Әлемдегі литий қоры бойынша Боливия көш бастап тұр. Латын Америкасындағы бұл елде 23 млн тонна литий бар. Одан кейінгі орындарда Аргентина, Таиланд, Чили мен Аустралия орналасқан. Ал алтыншы орынды 5 млн тонна қормен Қытай еншілейді. Шығыстағы көршіміз жаһандық сирек металдар нарығының басым бөлігін уысында ұстап отыр. Тіпті көмір шахталарынан 17 металл түрін өндіріп келеді.

Медет Жүнісов, ғалым:

- Көрші мемлекет – Қытай мемлекеті, оларда шамамен 10-15 жылдай тәжірибелері бар. Олар сирек жер элементтерін көмірден бөліп алу тәжірибелері өте жоғары. Олар бір сәтте көмірді де өндіріп келеді, сонымен қатар сирек жер элементтерді параллельді тұрғысында яғни бөліп алып отыр.

Биыл 11 учаскедегі барлау жұмыстары аяқталады

Үкімет 2027 жылға дейінгі барлау жұмыстарына 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл қаражатқа 18 кен орнында барлау жұмыстары жүргізіледі. Әзірге ел аумағында сирек металдың висмут, селен, тантал сынды ондаған түрі анықталды. Бұл тізім әлі де ұлғаяды. Себебі биыл тағы 11 учаскедегі барлау жұмыстары аяқталады.