Ұлттық банк төрағасы доллардың құбылу себебін түсіндірді

Ұлттық банк төрағасы теңгенің долларға шаққандағы бағамына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды 24kz.

Тимур Сүйлейменовтың айтуынша, қазан айының басынан бері экономикадағы белсенділікке байланысты долларға деген сұраныс артты. Жеке сектормен қатар квазимемлекеттік саладағы инвестициялық, инфрақұрылымдық және сауда-экономикалық келісімшарттар жасасу маусымы қызған. Долларға сұраныстың ұлғаюы осыдан болыпты. Екіншіден, АҚШ-тың федералды қор жүйесінің ақша-кредит саясатына байланысты ай басынан бері доллардың алты бірдей валютаға шаққандағы құны 1-2% тұрақтаған. Ал Қазақстанның сауда серіктесі саналатын Ресейдің рубліне қатысты доллар 4%-ке нығайды.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

- Бұған дейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтардың табыстылығын арттыру үшін зейнетақы активтерінің доллардағы үлесін 40%-ке жеткіземіз деген едік. Қазір зейнетақы қорындағы 20 трлн қаржының 40%-і долларда сақталып тұр. Бұдан бөлек, Үкімет ұлттық қордан қосымша трансфер сұратқан еді. Сондықтан бюджет үшін деп ұлттық қордағы 1,3-1,4 млрд долларды саудаға шығардық. Яғни, сұраныстан бөлек доллардың ұсынысын да қамтып отырмыз. Оның үштен бір бөлігін саттық. Ай соңына дейін тағы екі бөлігін сатамыз. Осылайша, теңге бағамы өзінің негізгі мәніне қайтып келетін болады.