Қазақстанда жаңа мамандықтар пайда болады
Елде алдағы уақытта жаңа мамандықтар, атап айтқанда, атом электр станциясының жұмысшылары, жасанды интеллект, блокчейн технологиясы мен айти-дизайнер мамандары пайда болады.
Осылайша жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл туралы Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мәлімдеді. Жиында еңбек нарығын дамытудың және елдегі кадрлық әлеуетті нығайтудың өзекті мәселелері сөз болды. Мәжіліс депутаттары мен жауапты ведомство басшылары саладағы проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Альмира Оразбай, тілші:
- Еңбек нарығын тиімді басқару - тұрақты экономикалық дамуда және азаматтардың әл-ауқатын арттыруда негізгі рөл атқарады. Бүгінгі Үкімет сағытында 2030 жылға қарай 3,8 миллион жаңа жұмыс орнын құру көзделді. Сондай-ақ салдағы мәселелерді талқылау барысында жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы да айтылды.
Биыл елдегі жоғары оқу орындары шамамен 74 мың, ал колледждер 143 мың жаңа студентті қабылдады. Бірақ оқуын аяқтаған бойда олардың бірден жұмысқа орналасуы екіталай. Былтырдың өзінде колледж түлектерінің 40 пайызы ғана өз мамандығы бойынша қызметін бастаған. Үкімет сағатында алғаш болып Мәжіліс депутаты Дания Еспаева осы мәселені талқыға салды.
Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары:
- Ерекше алаңдаушылық тудыратыны – жастардың жұмыссыздығы. Бұл проблема еңбек нарығының жастардың жыл сайынғы 3 мыңнан астам болжамды ағыны есебінен қиындайтын болады. Проблемалар білім беру жүйесінен еңбек нарығына көшу сатысында басталады, мұнда жастар білім беру арқылы не өз дағдыларын жетілдіре алмайды, не жұмысқа орналасу арқылы тәжірибе де жинай алмайды.
Жалпы бұған дейін Мемлекет басшысы жауаптыларға техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуды тапсырған еді. Сәйкесінше технологиялық колледждерге серпін беру жолға қойылды. Бұл тұста грант мәселесі тағы бар.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Кадр даярлаудағы негізгі нәтижелердің бірі түлектерді жұмыспен қамту. Бүгінде бұл көрсеткіш 79 пайызды құрайды. Оған қоса, бітірушілердің 18 пайызы жоғары оқу орындарына түскен және әскер қатарына шақырылғандар. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 2025 жылға дейін 100 пайыз тегін қамту көзделген. Кадрларды озық даярлау моделі арқылы еңбек нарығының болашақ сұранысына және технологиялық өзгерістерге сәйкес келетін мамандарды дайындауға 2025 жылы мемлекеттік тапысырыс көлемін 155 мыңға дейін, оның ішінде техникалық мамандықтарға мемлекеттік тапырыс көлемін 70 пайызға дейін көбейту көзделіп отыр.
Иә, уақыт бір орында тұрған жоқ. Заман дамып, қазір цифрлық дәуір келді. Сәйкесінше қызмет түрлері де платформалық режимге көшкен. Демек алдағы уақытта жаңа мамандықтар пайда болып, мүлде қажет етпейтін қызметтер жойылады. Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі елдегі сұранысқа ие болатын жаңа мамандық атауларын тізді. Ал жойылуы мүмкін мамандықтардың арасында офис хатшысы мен хатшы-машинист бар. Яғни азаматтардың тек қара күшін пайдаланатын жұмыстар қажет болмауы мүмкін. Еңбек министрі өз сөзін осылай қысқа қайырды.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Жаңа кәсіптер пайда болады. Оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппаратының операторы, робототехника операторы, робототехнигі, 3Д басып шығару, сандық жобалаушы, виртуалды жобалаушы, жұмысшыларды оқытуға арналған өнеркәсіп модельдеу маманы, виртуалды жөніндегі маман және технологы, жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізу инженері, кванттық компьютер технологы, сандық аватарларды жасаушы АЭС салу және пайдалану жөніндегі мамандар.
Үкімет сағатында еңбек нарығын дамытудың және елдегі кадрлық әлеуетті нығайтудағы мәселелер күн тәртібінде болды. Мұндағы басты тақырып – жұмыссыздықты жою. Дегенмен алдағы 5 жылда 4 миллионға жуық жаңа жұмыс орнын құру жоспарда бар. осылайша мәселе кезең-кезеңмен шешілуі тиіс.
Альмира Оразбай, Руслан Алиев