Қант қызылшасы бітік шықты

Биыл қант қызылшасы бітік шықты. Бұған алқаптың ұлғаюы да ықпал еткен.

Иә, былтырғыдан 2 есе көп жиын-терім алу жоспарда бар. Ал дайын қантты өңдеуден қиындық тумай ма?

Биыл қант қызылшасын егу және жинау науқандарына бөлінген бюджет қаржысы үш есе артты. Шаруалар да қызылша алқабын 25 мың гектарға дейін, яғни 87 пайызға ұлғайтқан. Нәтижесіз емес. Осы маусымда жиналатын қант қызылшасы 1.2 млн тоннаға жетеді. Бұл былтырғыдан 2 есе көп. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруалардың мемлекет тарапынан қолдау тауып жатқанын айтты. Арзандатылған жанар-жағармай алды, тыңайтқыштар мен тұқымдарға субсидия төленді. Енді бітік шыққан өнімді өңдеу қажет. Жыл басынан бері елде 93 мың тонна қант шығарылған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнен 36 пайызға аз. Сенаторлар әлі де алаңдаулы. Қазір елде қант қызылшасын өңдейтін 4 нысан бар.

Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Жамбыл облысындағы Меркі қант зауытының жабдықтары ескі, 450 мың тонна өнім өңдеуге қауқарлы дегенімен, іс жүзінде 300 мың тоннадан аспайды. Ал, Тараз қант зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жабдықтары жоқ, ол бүгін тек қант құрағын өңдеумен айналысып қана отыр. Ақсу қант зауыты Жетісу облысынан жиналатын 560 мың тонна өнімді толық игеруге мүмкіндігі жете ме деген сұрақ тағы да бар.

Қант зауыттарының әлеуеті қандай?

Ал құзырлы ведомство жағдайдың бақылауда екенін жеткізді. Мәселен келесі жылы Меркі қант зауытының қуаты тәулігіне 4 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Тараз және Көксу зауыттарында да жаңғырту жүргізіледі. Қазір "Көксу қант зауыты" тәулігіне 2500 тонна қант қызылшасы мен 300 тонна қамыс шикізатын, ал Ақсу зауыты тәулігіне 3500 тонна қызылшаны өңдеуге қауқарлы. Түсетін шикізат көлемі артылып жатса, 100 мың тоннасын Жамбыл өңірінен Ақсуға жөнелту жоспарланып отыр. Оған дейін зауыттар кесте бойынша дақылды қабылдап, арнайы алаңдарда сақтайды. 

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарығы департаменті директорының орынбасары:

- Жалпы зауыттардың қуаттылығы тәулігіне 8,7 мың тонна. Ал жылына олар тек 100 күн ғана істейді. Қалыпты жағдайда 100 күн істейді. Бұл дегеніміз 870 мың тонна өңдейді жылына дегеніміз. Бірақ биылғы егіннің, қызылшаның көп болғанын ескеріп, жұмыс істеу уақытын 100 күн емес, 120 күнге ұзарту мәселесін қарастырып жатыр.

Жамбыл облысында жаңа қант зауыты салынады

Оған қоса, Жамбыл облысында жылына 130 мың тоннаға жуық қант өндіретін жаңа зауыт салынады. Өңдеу қуаты тәулігіне 8-10 мың тонна болатын өндіріс ошағында 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеу көзделеді. Вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, жоспарды «Қаз Агро Холдинг» және «Бәйтерек» холдингі жүзеге асырады. Мұндағы мақсат – қант импортына тәуелділікті кезең-кезеңімен азайту.

Қант экспорты 400 есе өсті

Естеріңізде болса, жаз бойы ауыл шаруашылығы министрілігі қант экспортына шектеу қойды. Соған қарамастан, көрсеткіш рекордтық деңгейге жеткен. Жыл басынан бері Өзбекстан, Тәжікстан және ауған еліне 72 мың тоннадан астам қант өнімін жөнелттік. Көрсеткіш былтырғыдан 400 есе көп. Отандық зауыттар өндірген қанттың 78 пайызы сыртқы нарыққа шығарылған. Дүкен сөрелерінде импорт 71 пайызға артты. Оның дені ресейлік өнім. Мамандар жаңа түсім отандық өнімнің үлесі арта түсетініне сенімді. Өткен аптада елдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлар құны 0,1 пайызға төмендеген. 1 келі қантты көпшілік шамамен 408 теңгеге алып отыр.

Жаңа өзіңіз жаздағы тыйымды еске салдыңыз. Соған қарамастан экспорт көлемінің артуына не себеп?

Құзырлы органдардың мәліметіне қарағанда, барлық сыртқы жеткізілім шектеуге дейін жүзеге асырылған. Қоймалардағы былтырдан қалған тәтті өнім экспортталды. Ал шектеу 14 маусымнан тамыздың соңына дейін енгізілген еді. Бастысы, қантқа тапшылық жоқ. Әрі халықта таңдау бар. Көпшілік арзандау импорттық өнімге басымдық беретін көрінеді.