Тоғыз айда ел экономикасы 4 пайызға өсті
Қазақстанның 11 өңірі негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жоспарды орындамады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр мәлімдеді. Елдің әлеуметтік экономикалық даму қарқыны жайлы облыс басшыларының есебін тыңданған Олжас Бектенов әкімдер мен министрліктердің жұмысын сынға алды. Сонымен, экономикалық өсім қандай? Қай өңірлер артта қалды?
Биылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында ел экономикасы 4 пайызға өсті. Ұлттық экономика министрі өсім шикізаттық емес сектор есебінен болып жатқанын атап өтті. ЖІӨ өсімінің 65%-ы сауда, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығымен қамтамасыз етілген.
Нұрлан Байбазаров, Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу қарқыны сақталуда. Өндіріс көлемі 4,8 %-ға өсті. Өсу 14 өңірде тіркелді. Ең үлкен өсу қарқыны Қызылорда, Ұлытау, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе облыстарында байқалды. Құрылыс жұмыстарының өсімі 10,1 %-ға дейін жеделдеді. Ағымдағы жылы қаңтар мен қыркүйекте 12,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,2 пайызға артық.
Биылғы 9 айда мемлекеттік бюджетке 15 триллион теңге түсті. Жоспар шамамен 93% орындалды. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Осы кезеңде салықтық түсімдер жоспары тек 76%-ға игерілген. Жоспардың орындалмауына бірнеше фактор әсер етті. Министрдің айтуынша, біріншіден, мұнай өндіру көлемінің қысқарды, екіншіден, сыртқы сауда көлемі төмендеді.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Біріншіден, мұнай өндіру көлемі 5,3 млн тоннаға қысқарды. Екіншіден, әлемдік экономиканың баяулауы: фактор сыртқы сауда қызметіне, елдің ірі компанияларының жеткізу тізбегінің үзіліп қалуына әсер етті. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында импорт 8,3%-ға, оның ішінде ҚХР-дан 6,5%-ға және ЕАЭО елдерінен 4%-ға төмендеді. Үшіншіден, өткен жылмен салыстырғанда, қосымша ҚҚС қайтару көлемі 3 есе ұлғайды, 946 млрд теңгеге жетті.
11 өңір негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жоспарлы көрсеткішке қол жеткізген жоқ. Салаларға жіктегенде, туризм, ақпарат және байланыс, химия өнеркәсібі мен азық-түлік өндірісінде қаржы тарту деңгейі өте төмен. Осы орайда Премьер-Министр инвестициялық белсенділікті ынталандыру қажеттігін атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Әкімдер мен министрлер белсенді жұмыс жүргізсе, кейбір салалар мен өңірлердегі экономикалық көрсеткіштер бұдан әлдеқайда жоғары болатын еді. Артта қалған салаларды жеделдету үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, күнделікті мониторинг жүргізу керек. Әкімдіктер өңдеу өнеркәсібін қолдауға, сондай-ақ, құрылыс пен сауданы ынталандыруға баса назар аударуы қажет. Мұнда үлкен резервтер бар. Инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде қаржылық тәртіпті қатаң қамтамасыз ету керек.
Аймақ басшыларына тағы бір міндет жүктелді. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу. Азық-түлік құны бас назарда болуы тиіс деді Премьер-Министр. Ал инвестициялық жоспарды орындауға жыл соңына дейін уақыт берді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Руслан Әлиев