Қарағанды облысының тұрғыны форель балығын өсіріп жатыр

Қарағанды облысында форель балығы өсіріле бастады.

Ерекше кәсіп түрімен Батық ауылының тұрғыны айналысып жатыр. Ол  жобаға 100 миллион теңге жұмсаған. Сөйтіп бұрыннан бос қалған қос тоғанды жалға алып, мыңдаған шабақ жіберді.

- Мынау енді икра инкубацияда тұратын аппарат. Осында 21-25 күн тұрады икрасы. Қалыпты температура сақталуы тиіс. 

Сайран Болат форель уылдырығын Польшадан әкелген. Оны арнайы инкубациялық аппаратқа салып, шабақтарын өсіріп алған. Ауыл маңындағы қараусыз жатқан қос тоғанды тазалап, шабақтарды сонда жіберген. 

Сайран Болат, кәсіпкер:

- Балықты жібермес бұрын мұның айналасын тазаладық. Қоқысын, басқасын. Сосын суға жіберетін өзінің дәрумендері бар соларды саддық. Жыртқыш балықтарын сүзіп алдық. Сосын бізде судың өзінің аппараты бар сонымен дайындадық. Судың кислороды бар, жулығы бар дегендей. 

Балыққа да бап керек. Бастапқы 40 күнде шабақтар арнайы бассейндерде күтіледі. Күніне үш мезгіл жем салынады. Кейін тоғанға жібереді. Қазір қос тоғанның бірінде 300 мың, ал екіншісінде 30 мың балық өсіріледі. Форель бес айда өсіп, салмағы  500 грамға дейін жетеді. Ал 1 жылда 1,5 келі тартады. Еті дәруменге бай, қылтаны аз болған соң жұртшылық  хан-балық деп атап кеткен. Нарықта оның бәсі биік, сұранысы жоғары.

Сайран Болат, кәсіпкер:

- Бұдан енді күтерім осы ауылыма , әр қазақ өзінің ауылына жақсы бір іс істеп, осы жерде үлкен бір зауытымызды қйоып, ауыл халқы жұмыс істесе. Содан кейін бұдан шыққан балықпен облысымызды қамтамассыз етсем, халыққа бағасы қолжетімді қылсам деген үміттемін.

Өміршең жоба жергілікті билік тарапынан қолдау тапқан. Алдағы уақытта шаруашылықтың тоғаны күрделі жөндеуден өтеді. 

Бақтияр Санбаев, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Енді өздеріңіз білесіздер 40-50-жылдардағы су қоймасы ғой. Соны қалпына келтіріп беру жұмыстарына бізге олар өтінішпен шығып жатыр. Қазір Шет ауданы әкімдігімен бірлесіп сол су айдыныны облыстық коммуналдық мешікке алу бойынша жұмыстарды атқарып жатырмыз. Коммуналдық меншікке алғаннан кейін оған біз күрделі жұмыстар, реконструкция жұмыстарын жүргізетін боламыз. Әрі қарай форель балық шаруашылығын дамытуға. 

Кәсіпкер алдағы 5 жылда балықты көп етіп өсіруге ниетті. Келешекте Батық ауылында консервіленген өнім шығаратын зауыт ашпақ. 

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар