Қазақстанның қаржы нарығына шетел банктері тартылады

Қазақстанның банк секторына ірі шетелдік қаржы ұйымдары кіргізілмек.

Бүгін Мәжілісте қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша заң жобасына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Төменгі палата отырысында шетелдік банктердің лицензия алуға қажетті құжаттар өткізу тізбесін 50-ден 7-ге дейін қысқарту ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстан нарығына кіру үшін инвестордың активі 20 миллиард доллардан 10 миллиардқа дейін төмендетіледі. Өзге елдің банктері негізінен шағын және орта бизнесті қаржыландыруға дағдыланады. Заң жобасының екінші бөлігінде сақтандыру, бағалы қағаздар және микроқаржылық қызметті реттейтін нормаларды оңтайландыру тетіктері қаралды. Сонымен қатар банктік қарыздар бойынша бірқатар айыппұлдарды алып тастау және комиссиялардың мөлшерін шектеу механизмдерін енгізу жайы талқыланды. Жекелеген жоспар бойынша банктер мен микронесиелік ұйымдар халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарының қордаланған кредиттік қарызын толықтай немесе ішінара кешіру жоспарын құруы тиіс.  

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

- Жылдың басынан бері менің мәліметім бойынша 44 мың адамға мерзімі өткен қарыз бойынша өтем жасалды. Олар өздерінің қаржысына, өз балансынан өтем жасап берді. Жаңа жоспар бойынша жылдың аяғына дейін тағы осындай жұмыс жасаймыз. Болжаммен бізде 1 млн 400 адам осы жекелеген жоспарға кіреді.