Қазақстанның банк секторына ірі шетелдік қаржы ұйымдары тартылады
Бүгін Мәжілісте қаржы нарығын дамытуға бағытталған заң жобасы қаралды, деп хабарлайды 24KZ.
Сонымен қатар банктік қарыздар бойынша бірқатар айыппұлдарды алып тастау және комиссиялардың мөлшерін шектеу механизмдерін енгізу жайы талқыланды.
Төменгі палата отырысында шетелдік банктердің рұқсат алуға қажетті құжаттар өткізу тізбесін қысқарту ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстан нарығына кіру үшін 20 миллиард доллар болуы тиіс инвестордың активі 10 миллиардқа дейін төмендетіледі. Өзге елдің банктері негізінен шағын және орта бизнесті қаржыландыруға дағдыланады.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Бұдан басқа, шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады. Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылады.
Берік Бейсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Отандық экономика үшін шетелдік банк филиалдарының пайда болуы қазақстандық бизнесті қосымша қаржыландыру мүмкіндіктерін білдіреді. Одан бөлек, бюджеттен қаражат тартпай, шетелдік банктермен бірлесіп, жаңа индустриалды жобаларды дамыту үшін зор мүмкіндік. Бұл экономикаға оң әсерін тигізеді және мемлекеттің оған кредит беруіне артық қатысуын болғызбайды. Сондай-ақ шетелдік банктердің филиалдары отандық банктермен қатар стандартты қызметтерді ұсына алады. Олар қызметін кеңейту, сектордағы бәсекелестікті арттырады және қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал етеді деп санаймыз.
Заң жобасының 2-ші бөлігінде сақтандыру, бағалы қағаздар және микроқаржылық қызметті реттейтін нормаларды оңтайландыру тетіктері қаралды. Қарыз алушы жеке тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін банктік қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақы алуға тыйым салынады. Депутаттар тарапынан тұтынушыларды алаяқтардан қорғау үшін қаржы ұйымдары онлайн несие берген кезде ішкі рәсімдер талап ету функциясын енгізу ұсынылды.
Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Алаяқтар заңмен қорғалмаған тұстарды тауып, жаңа айла-амал ойластырады. Соған сәйкес үнемі заң жобасын жетілдіріп отыруымыз қажет. Біз алдыңғы түзетулердің арқасында қаржы ұйымдарының оңды-солды несие беру үдерісін 2 есеге азайттық. Тұрғындарға айтарым, EGOV порталындағы «STOP-кредит» батырмасын басып, жеке мәліметтер дерекқорын жауып тастау керек. Сосын күмәнді қорңырауларға ешқандай код айтуға болмайтынын ескертемін.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауылдық жерде әлі көбісінде интернет жоқ. 2 миллиондай адам күнделікті интернет пайдалана алмайды. Олигополия арқылы біз банктердің жағдайын күшейттік. Енді халыққа дұрыс заңдар қабылдағанымыз жөн. Халық өзі қорғана алмайды. Әр банкте қаншама мықты заңгерлері бар. Сотқа барады, соттың барлығы банк жағына шешіп береді. Бізде 100% банк ұтады, тұтынушылар ұтылады. Қарапайым халық қазір бізге ренжіп отыр. «Парламентте отырып, дұрыс заң қабылдай алмай отырсыңдар», – деп. Сол себептен асықпай, барлық ұсыныстарды қарап, ең жақсы тәжірибелерді енгізуді ұсынамын.
Мәжілісте заң жобасын таныстырған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жекелеген жоспар бойынша банктер мен микронесиелік ұйымдар халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарының қордаланған кредиттік қарызын толықтай немесе ішінара кешіру жоспары құрылғанын жеткізді.
Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:
- Жылдың басынан бері менің мәліметім бойынша 44 мың адамға мерзімі өткен қарыз бойынша өтем жасалды. Олар өздерінің қаржысына өз балансынан өтем жасап берді. Жаңа жоспар бойынша жылдың аяғына дейін тағы осындай жұмыс жасаймыз. Болжаммен бізде 1 млн 400 адам осы жекелеген жоспарға кіреді.
Сонымен қатар жаңа заң жобасында мерзімі өткен кредиттердің мәселесін реттеу кезінде төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерді де қосымша қорғауға алу жағы қарастырылған.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ержан Рахманбердиев.