Онлайн сауданың 72% маркетплейстерге тиесілі — ҰСБ

Былтыр қазақстандықтар онлайн саудаға 2 трлн теңгеден астам қаржы жұмсады, деп хабарлайды 24KZ.

Оның 72%-і маркетплейстерге тиесілі. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметі осындай. Танымал платформаларда отандық тауарлар үлесін кеңейту, қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ тұтынушылардың құқығын қорғау шаралары жүріп жатыр.

Маркетплейстер интернет желісіндегі базар іспеттес. Таңдау мол, баға тиімді. Сондықтан қазақстандықтар онлайн саудаға ден қойды. Статистика бойынша тапсырыстардың 27%-ін телефон мен гаджеттер құрайды. Тұтынушылардың біразы қытайлық тауарларды таңдайды.

Азамат Кескінбаев, «Қазпошта» АҚ стратегия жөніндегі басқарма директоры:

- Сол жерден қазақстандықтар өздеріне әртүрлі тауарлар сатып алады. Оны түсінуге де болады. Ол жерде, біріншіден, тауарлардың саны өте көп. Екіншіден, бағасы да салыстырмалы түрде арзан келеді. Осы жылдың жазынан бері біз жоба бастадық. Маркетплейстен тікелей қазақстандықтарға сәлемдемелерді жеткізу. Қазіргі таңда қыркүйекте, мамырда бастаған жобаның өзінде 1 млн астам сәлемдеме жеткіздік.

Онлайн сауда платформалары туризм саласына да серпін берді. Туристер саяхаттау үшін жолдаманы бөліп төлеу жүйесі немесе акциялар арқылы сатып алады. Бұл тұста маркетплейстер туристік агенттіктердің жұмысына кері әсірін тигізіп тұр. Айтуларынша, олардың табысы 40%-ке азайып кеткен.

Айгүл Тяжина, туристік агенттіктің директоры:

- Нарықта тек маркетплейстер болса, жаңағы 6 мыңнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Ол дұрыс емес деп санаймын. Бұл жағдайды шешу үшін, ең біріншіден, маркетплейстерге тыйым салу керек немесе турагенттер мен маркетплейстерге тең жағдай болу керек. «Рассрочка» болсын, турагенттерді оны пайызсыз сатып алатын жағдай болу керек. Банк деген турагентпен тең бола алмайды.

Мәжілістің комиссиясында онлайн сауда алаңдарына тиісті талаптар қою мәселесі қаралып жатыр. Мәселен, мартетпейстерді сауда нысандарына теңестіру ұсынылды. Егер тұтынушының құқығы бұзылса, сатушы әкімшілік жауапқа тартылады. Заң жобасындағы тағы бір мәселе – сатушыларды тіркеу.

Шәкәрім Хайдар, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің сарапшысы:

- Онлайн сауда алаңдарындағы бизнес пайдаланушыларды есепке алуды енгізу. Яғни, бұл олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға мемлекеттік бақылауды жүзеге асырған кезде тиісті ақпаратты алуға мүмкіндік беруді ұсынып жатырмыз. Осылайша, сатушылар тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң талаптарын сақтайды.

Іскер жандарға кешенді қолдау көрсету үшін өңірлерде онлайн коммерцияны оқыту орталықтары ашыла бастады. Осы арқылы маркетплейстермен бірге шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту көзделіп отыр.

Авторы: Еркебұлан Смадияров.