Биыл 12 млн тонна астық экспортталады

Қазақстанда бүгін – Нан күні.

Бұл ырыздығын жерден алып, ысырапсыз қамбаға құятын диқандардың төл мерекесі саналады. Қазір елде орақ науқаны аяқталуға жақын. Егіннің 98% жиналып, 25,5 миллион тонна астық қамбаға құйылды. Орташа өнімділік гектарынан 15,6 центнерден айналып жатыр. Бірақ кей өңірлерде ауа райына байланысты егін орағы тағы да тұралап қалды.

Артём Любимов үшін орақ науқанын ойдағыдай аяқтау оңайға түспеді. Жаңбыр кедергі болды. Соған қарамастан шаруа бір гектарынан 25 центнер өнім алды. Оның басым бөлігі дымқыл. Қазір су астында қалған бидайды кептіріп жатыр.

Алексей Зинин, серіктестік қызметкері:

- Кептіру қондырығысындағы температураға аса мән береміз. Себебі бидай көп тұрса, күйіп кетуі мүмкін. Кептіру аппараты толық автоматтандырылған. Күніне шамамен мың тоннадай астық кептіреміз.

Бидай бітік шыққанымен, сапасы төмен. Ол бағаға да әсер етеді. Биыл өңірде астық мол жиналғасын қамбаның бәрі толып тұр. Енді шаруа өнімін өткізе алмай әлек.

Артём Любимов, шаруа:

- Былтырға қарағанда биыл қиын болады. Өнім көп. Сондықтан баға төмен болары анық. Қазір үшінші сұрыптағы бидайдың келісі – 65 теңге. Тіпті гектарына 20 центнерден өнім алса да, оның бағасы 130 мың теңгеден аспайды. Бұл еккен шығынды ақтамайды.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы белгілеген баға тек форвардтық несие алған шаруаларға ғана қатысты. Ал нарықтағы баға мүлдем бөлек. Сондықтан шаруалар Үкіметтен көмек сұрауға мәжбүр.

Артём Любимов, шаруа:

- Екінші деңгейлі банктер несие мерзімін ұзартуға келіссе екен. Бағаның тұрақталғанын күтіп, алған өнімді қонымды бағада өткізгіміз келеді.

Елдегі егіннің шығымдылығы экспортқа да айтарылықтай әсер етеді. Жалпы биыл 12 млн тонна астықты экспортқа жіберу жоспарланған.

Ерсайын Досымбетов, ҚР АШМ Егіншілік департаментінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі күні 5 млн тонна астық экспортталды. Соның 1,3 млн тоннасы Қытай Халық Республикасына, Өзбекстанға 2 млн тонна астық экспортталды. Біздің негізгі арналардың бірі Орта Азия мемлекеттеріне экспортқа шығару мүмкіндіктері болып табылады. Осы жылы және өткен жылы Қытай нарығына экспортты ұлғайту жүргізіліп жатыр.

Қазір ауа райыға байланысты солтүстік аймақтарда егін орағы тоқтап тұр. Ақмолалық шаруалар өткен аптадан бері жұмысқа кірісе алмай әлек. Қазір аймақтағы астықтың 98% жиналып, 6 миллион тоннадан астам бидай қамбаға құйылды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.