Елде қоқыс өңдейтін 37 зауыт салынады

Елде қоқысты қайта өңдеу мәселесі ерекше назарға алынып отыр.

Мәселен, жылына 1 млн 200 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдейтін 37 зауыт салу жоспары бар. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған 8 зауыт жаңғыртудан өтпек. Бүгінде инфрақұрылымды жақсарту мақсатында өңірлердегі кәсіпорындарды жеңілдікпен қаржыландыру тетігі бекітілді.

Бұл қаржыға қалдықтарды сұрыптауға және қайта өңдеуге арналған заманауи қоқыс таситын машиналар мен жабдықтар сатып алынуға тиіс. Қарыздың сыйақы мөлшерлемесі ؘ– 3%. 3 жылдан 15 жылға дейін беріледі. Осы мақсатта шамамен 185 млрд теңге бөлінді. Жобалар 3 жылда жүзеге асады.

Тұрмыстық қалдықты өңдеу көлемі 1,5 млн тоннаға артады

Қалдықтарды кәдеге жарату инфрақұрылымын жаңғырту бойынша 100-ге жуық жоба қолға алынбақ. Бұл жобалар жан-жақты талданып, олардың тиімділігіне баса назар аударылды. Осы орайда тұрмыстық қалдықтардан бірнеше өнім түрін алу көзделіп отыр. Аталған жобалар арқасында қайта өңдеу көлемі жылына 1,5 миллион тоннаға ұлғаймақ.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Нәтижесінде 232,2 млрд теңге сомаға 94 жоба іріктелді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалары, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылатын болады.

4,7 млн тонна тұрмыстық қалдық сұрыпталады

Ал қалдықтарды сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлерде 21 жоба қолға алынды. (ГРАФИКА) Бұл кәсіпорындарда жылына 3 млн тоннаға дейін қоқыс сұрыпталады. Жобалардың жалпы құны 49 млрд теңгеден асады. Мұның ішінде жеке инвестицияның үлесі 10 млрд теңге. Қазір елде 1 млн 700 мың тонна қоқыс сұрыпталады. Ал Экология және табиғи ресурстар министрлігі бұл көрсеткішті 4 млн 700 мың тоннаға жеткізіп, елдегі барлық қалалар мен ірі елді мекендерді қамтуды жоспарлап отыр.

Тамақ қалдықтарын қайта өңдеу ескерілмей келеді

Сонымен қатар елде тамақ қалдықтарын өңдеу мәселесі елеусіз қалып келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында да айтылды. Отандық ғалымдар тамақ қалдықтарын кәдеге жарату бойынша айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Мысалы химия инженері Нұршат Нұраже бастаған топ жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған дәріні дәнді дақылдар қалдықтарынан жасап шықты. Егер қаржылай қолдау болса, ғалымдар жаңа дәріні өндіріске енгізуге дайын отыр.

Нұршат Нұраже, ғалым:

- Біз оны жаңа түрде, олар мұнайдан өндірген болса, біз биолаткаларынан қалдықтар арқылы осы дәріні тоқтаусыз химиясы арқылы жасап шығу. Бұны қазір біз жасап шықтық. Ал енді бұл дәріні біз неден жасап шықтық. Біріншіден, біз жүгерінің қалдықтары, екіншіден, күріштің қалдықтарынан жасап шықтық.

Тұрмыстық қалдықтардың 24%-ы өңделеді

Былтыр елде 4,5 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдық түзілді. Бұл қалдықтардың басым бөлігі сұрыптау және қайта өңдеу жұмысының дұрыс жолға қойылмағанынан жерге көміледі. Сонымен қатар заңсыз полигондар жылдағыдан екі есе азайғанына қарамастан, бұл да бас ауыртар мәселеге айналды. Мәселен, биыл 2600-ден аса полигон анықталды. Оның жартысынан астамы жойылды. Үкімет осы полигондардағы қоқысты қайта өңдеу көрсеткішін көтеруге ниетті. 2030 жылға қарай қалдықтардың 40 пайызы өңделуге тиіс. Ал қазір 24% ғана өңделеді.