Түркістан облысы тоғыз айда 747 млрд теңгенің өнімін өндірді

Түркістан облысы еліміз бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндіруден көш бастап тұр.

Биылғы жылдың 9 айында өңір шаруалары 747 млрд теңгенің өнімін дайындады. Агроөнеркәсіп саласына 124 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жөнінде Түркістанда өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» салтанатты шарасында айтылды.

Жиын-терім науқанын табысты аяқтаған ауыл шаруашылығы саласының үздіктері бүгін Түркістанда бас қосты. «Керуен сарай» кешенінде ұйымдастырылған «AGROFEST TÚRKISTAN - 2024» мерекелік іс-шарасы аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. 

Перизат Баймаханова, қала тұрғыны:

- Байқап отырмын халық қаптап алып жатыр. Мен сүт өнімдерін, ірімшік алдым. Мысалға мен оны 2200 теңгеден алатын ем, бүгін 1500 теңгеге алдым. Балықтар сатылып жатыр өте тиімді бағада. Сондықтан осындай жәрмеңкелер болып тұру керек.

Биыл облыс шаруалары құны 230 млн доллар болатын 680 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін экспорттапты. Өңірде өндірілген 153 мың тонна еттің 14 мың тоннасы экспортқа жөнелтілген. Түркістан облысы ет өндірісі бойынша да елімізде алдыңғы қатарда келеді. Мереке аясында еңбек озаттары марапатталды.

Мақсат Әметов, кәсіпкер /Созақ ауданы/:

- Ет өнімдерімен айналысамыз және қымыз, саумал ретінде де пайдаланады. 2450 бас жылқы бар. Оның 1400-і аналық бас. Айына 10-15 тоннадан ет өнімдері өткізіледі. Біздің еңбегемізді елеп-ескеріп облыс әкімінің құрмет-марапатына ие болып жатқанымызға өте қуаныштымыз.

Шара аясында асыл тұқымды мал шаруашылығы мен техникалар көрмесі ұйымдастырылды. Биыл өңірде 1600 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Одан бөлек су үнемдеу технологиясына да басымдық беріліп отыр.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Су үнемдеу технологияларын жаңадан 17 мың гектарға енгіздік. Технологияның қолжетімділігін арттыру үшін 3 жергілікті зауыт іске қосылды. Тағы зауытты қосуды жоспарлап отырмыз.

Жауаптылар алдағы 5 жылда өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 2,2 есеге арттыруды жоспарлап отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш