«Аграрлық несие корпорациясы» 700 млрд теңгеге дейін несие береді

Биыл «Аграрлық несие корпорациясы» агросаланы дамыту үшін 700 миллиард теңгеге дейін жеңілдетілген несие беруді көздейді. 

Бұл былтырмен салыстырғанда едәуір көп. Шаруаларға қаржылай қолдау жыл соңына дейін «Бәйтерек» қоры арқылы жүзеге асады. Осы және басқа жобалар жайында Таразда өткен Республикалық несиелік серіктестіктердің VI форумында айтылды.

Дәстүрге айналған форумға 200-ден аса несиелік серіктестік басшылары, Аграрлық несие корпорацияның өкілдері және шетелдік мамандар қатысты. Жаңашылдық туралы айтылды. Енді шаруалар бұрынғыдай субсидияға арыз беріп, оны айлап күтіп жүрмейді. Аграрлық корпорация несиенің өсімақы пайызын автоматты түрде субсидиялайды. Былтыр агросала кәсіпкерлеріне 460 миллиард теңгенің көмек қаржысы берілген. Биыл бұл көрсеткіш 75%-ке артады.

Айдын Досқараев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма мүшесі:

- Қазіргі таңда 400 миллиард теңгеден астам несие бердік. Және несиелік серіктестіктерді бөлек қарайтын болсақ несиелік серіктестіктерге біз биыл 140 миллиард теңгеге жуық несие бердік. Қаржыландыру бердік. Бұл өткен жылдармен салыстырсақ абсолютті рекорд.

Форумда аграрлық несие корпорациясы «Даму» қорымен бірігіп, кепіл мүлігі жоқ кәсіпкерлерге несие алуға көмектесетіні айтылды. Яғни жұмыс істеп тұрған бизнес нысаны болса, «Даму» қоры қаржы алуға кепіл болады.  Ал жеңілдетілген несие әр аймақтағы кредиттік серіктестіктер арқылы беріледі.

Альмира Сағат, «Агроөнеркәсіп кешеніндегі кредиттік серіктестіктер қауымдастығы» бірлестігінің басқарма басшысы:

- Еліміз бойынша 209 несиелік серіктесіміз бар. Бұл мекемелер еліміздің 157 ауданында қызмет көрсетуде. Бұл дегеніміз республика аудандарының 95 процентін қамтып отыр десек қателеспейміз. Бұл ауылдық жерлерге, шаруаларға қолжетімді болу үшін жасалған жағдай.

Жеңілдетілген несие шаруаларға үлкен көмек. Олар қаржыны көктемгі дала жұмыстарына дейін ала алады. Сөйтіп құрал жабдығы мен техникасын, тұқымы мен тыңайтқышын түгендейді. Мәселен 9 айдың өзінде 16 мың кәсіпкер көмек қаржы алған. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә