Қазақстанда құрылыс қарқыны 10% өсті

Шілдеден бері елдегі тұрғын үй саудасы қыза түсті. Жылдың үшінші тоқсанында жасалған келісім саны 120 мыңнан асқан. Құрылыс қарқыны да айтарлықтай өсті. Бұған не себеп?

Баспана нарығында белсенділік бар

Елде баспана нарығы белсенді бола түсті. Құрылысшылар қауымдастығы мұны келесі жылғы жалпыға бірдей декларациялау аясында мүлкіміз жайлы есеп берумен байланыстырады. Шілде-қыркүйек аралығында 120,7 мың сатып алу-сату келісімі жасалған. Виктор Микрюковтың айтуынша, азаматтар қолма-қол ақшадан активке көшіп жатыр. Белсенділікке Отбасы банкі ұсынған «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары да оң әсер етуі мүмкін. Зейнетақы жинағының бір бөлігі қолжетімсіз бола ма деген күдік те нарыққа әсер етті. «Оның үстіне Үкімет әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін тұрғын үйлерді арнайы салдырудың орнына дайын баспананы алуды дағдыға айналдырған», – дейді сарапшылар.

Қазір 9,5 млн қазақстандықта ғана жеке баспана бар. Ұлттық статистика осындай. Қалғаны тұрғын үйді жалдап амалдайды. Қыркүйекте оның орташа ақысы 1,5% артқан. Бағаның өскенін Өскемен мен Қарағанды, Көкшетау тұрғындары қатты сезінді.

Жалдамалы пәтер ақысы:

Өскемен - 5%

Көкшетау - 4,8%

Талдықорған - 4,2%

Алматы - 1,6%

Астана - 1,4%

 

Құрылыстағы отандық материалдардың үлесі

Құрылыс саласындағы кей жабдықтарды әлі де Ресейден аламыз. Сауда саясатының сарапшысы Ернар Серік: «Экономикалық тәуекелдерді азайту үшін өзге нарықтарды да назарға алу қажет», – дейді. Елімізде өндіріс бар, алайда шикізатты көрші елден әкелеміз. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бір жылда Ресейдегі құрылыс материалдары 10% қымбаттаған. Бұған инфляция мен маусымдық сұраныс әсер етті. Ал құрылысшылар қауымдастығы отандық құрылыс тауарларына қажеттіліктің азайғанын алға тартады.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті:

- Бетон және цемент өндірушілер қазірдің өзінде ішкі сұраныстың азайғанын айтып отыр. Құрылыс нарығында белсенділік төмендеген. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Сондықтан жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігін арттыру қажет.

Ал біздегі баспана нарығын Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінен сұрап білдік. Қуандық Қажкенов болжам жасауға асықпады.

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Құрылыс бағасына материалдар құны ғана әсер етпейді. Десе де бізде бағаның қалыптасуына мониторинг жасалады. Сметалық нормаға сай 300-350 мың теңге бекітілген. Бұл үйдің монолитті не кірпіштен салынғанына қарай есептеледі. Тұрғын үй нысандарының құрылысына қажет материалдардың негізгі бөлігі отандық тауар өндірушілерден алынады. Жақында министрлік «Отбасы банкпен» бірге нарықтағы баспана құнына қатысты талдау жүргізді. Бүгінгі таңда тұрғын үй бағасының өсімі байқалмайды.

 

Құрылыс қарқыны 10%-ке өсті

Жыл басынан бері елдегі құрылыс 10% өскен. 9 айда 12,4 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл былтырғыдан 6%-ке көп. Тұрғын үйдің дені Шымкент, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Түркістан өңірлерінде бой көтерді.