Экспорттық-кредиттік агенттік шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуде
Неміс инвесторлары отандық нарыққа қызығушылығын арттырды. «Герман-Еуразиялық экономикалық одағына» мүше компаниялардың өкілдері Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің бас кеңсесіне келді, деп хабарлайды 24kz.
Жиында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Нақты қай салаларда серіктестік орнату көзделіп отыр?
Германиядан келген делегация құрамында 20-дан астам компания өкілі бар. Олар машина жасау, металлургия, логистика, IT және ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Ортақ мақсат – өнеркәсіптік кооперацияны дамыту. «Бұл екі ел арасындағы тұрақты экономикалық байланыстарды нығайтады», - дейді делегация мүшелері.
Томас Овербек, Герман-еуразиялық экономикалық одағының президенті:
- Біздің одаққа мүше неміс компаниялары Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуеті мен оның даму жолын жоғары бағалайды. Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігімен болған кездесу қазақстандық экспорттаушылармен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындауға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта ортақ жобалар саны арта береді деп сенеміз.
Келіссөз барысында тараптар ынтымақтастықтың бірқатар бағытын айқындады. Атап айтқанда, Еуроодақ елдеріне өңделген өнімдерді экспорттау, сыртқы нарыққа бағытталған отандық кәсіпорындарға еуропалық жабдықтар мен технологияларды жеткізу, елімізде бірлескен өндіріс ошақтарын құру жоспарланып отыр.
Мадина Ержанова, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі басқарма төрағасының орынбасары:
- Германияның жетекші кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнату – біз үшін стратегиялық маңызы зор қадам. Бұл Қазақстан экономикасына мультипликативтік әсер беріп, елдің экспорттық мүмкіндігін арттырады. Біз қаржы институттарымен бірлесіп, осындай жобаларды іске асыру үшін ең оңтайлы шешімдерді ұсынуға дайынбыз.
Экспорттық-кредиттік агенттік халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестікті кеңейтуге басымдық беріп отыр. Жуырда ғана компания басшылығы Словакияның экспорттық-импорттық банкімен меморандум бекітті. Құжат экспорттық операциялар кезінде тәуекелдерді тиімді басқару жолын көздейді.