Ақмола облысы астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті

Ақмола облысында 6,5 миллионнан тоннадан астам астық жиналып, рекордтық көрсеткіш орнады. Егін жинау науқанын аймақ әкімі Марат Ахметжанов жергілікті диқандармен кездесуі барысында қорытындылады. Жиын Александр Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында өтті.

Ақмола облысында егін жинау науқаны аяқталды. Диқандардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде 4,7 миллион гектар алқаптан 6,6 миллион тонна астық алынды. Мамандар: «Оның 60%-і – жоғары сапалы бидай», – деп отыр.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

- Бұл деген – өте бір жақсы көрсеткіш. Егемендік алғалы мұндай көрсеткіштер тек екінші рет болып тұр. Көмек бар, қаржылай көмек бар. Жақсы несие алды биыл. Жаңағыдай субсидия берілді.

Жиылған сапалы егінді дұрыс сақтау маңызды. Қазір облыста 1500-ден астам астық сақтау қоймасы бар. Бүгінде фермерлерді қолдау жұмыстары күшейді. Биыл бұл шараларға 134 миллиард теңгеден асатын қаржы бөлінді.

Руслан Ысқақов, «Ушаков-Агро» ЖШС директоры:

- Астықты сақтау бойынша ешқандай мәселе жоқ. Бұл тұста өзіміздің қажетті қамбамыз бар. Ондағы дақылдарды өзіміз тазалап, өңдеп шығарамыз. Әр гектарына 20-25 центнерден өнім алдық. Ал жалпы 22 мың гектар алқапты 20 күнде жиып алдық.

Өңірдегі диқандар: «Мұнымен тоқтап қалмаймыз», – деп отыр. Олардың жоспарында өндіріс көлемін ұлғайту, қамбаның инфрақұрылымын жаңғырту және астық өңдеу жұмысын жақсарту бар.

Авторы: Альмира Оразбай.