Жезқазғанның аумағы 700 гектарға ұлғаяды
Алдағы 10-15 жылда Жезқазған қаласының аумағы 700 гектарға ұлғаяды. Облыс орталығының бас жоспары бойынша жаңадан бірнеше шағынаудан салынады. Оның алғашқысында қазірдің өзінде 10 шақты көпқабатты тұрғын үй бой көтерген.
Қаланың Батыс ауданында 2030 жылға дейін тағы 88 үй салу жоспарда бар. Мектеп, балабақша, мәдениет пен спорт нысандары да бой көтереді. Осыған дейін «шағын шаһар» аталып келген Жезқазғанның болашақ кейпі қандай болмақ?
Ұлытау жеке облыс болып құрылғалы тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Облыс орталығы Жезқазғанда айналасы бірер жылдың ішінде ондаған көпқабатты тұрғын үй соғылды. Қазір қаланың батыс бөлігінде жаңадан шағынаудан бой көтеріп келеді. Жаңа үлгіде салынған үйлер негізінен ұзақ жылдар пәтер кезегін күткен тұрғындарға берілді. Солардың бірі – Раушан Байлиева. Көпбалалы ана: «Жаңа шағынаудан көз алдымызда өсіп келеді», – дейді.
Раушан Байлиева, қала тұрғыны:
- Қазір жақсы. бұрын болған жоқ, рас. Үйдің кезегінде тұрдық бірталай. Айналамызда тағы да үйлер салынып жатыр. Жан-жағымыздың бәрі, ауданымыз жақсы.
Өткен жылы Үкімет қаланың бас жоспарын мақұлдады. Ол бойынша алдағы 5 жылдың ішінде бұл жерде 88 көпқабатты үй мен 70-ке жуық әлеуметтік-мәдени нысан салынады. Құрылыс жүретін аумаққа қазір инженерлік жүйе тартылып жатыр. Оған биыл Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінді. Осы жұмыстар аяқталған соң тұрғын үй салуға ниетті инвесторларға кедергі жоқ. Биылдың өзінде әрқайсысы 1 гектар болатын 10 жер телімі аукцион арқылы құрылыс компанияларына сатылған. Қаланың бас архитекторы Марғұлан Сейдахметов: «2030 жылға қарай қаланың аумағы 44 гектарға ұлғаяды», – дейді.
Марғұлан Сейдахметов, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Бұл ауданда 5 білім беру нысаны, 5 денсаулық сақтау нысаны және драма театр бар. Жоғары білім беру орталығы бар. Сонымен қатар 15-ке жуық шағын, орта бизнес нысандарының орналасуы көзделген.
Жаңа аудандағы құрылыстың даму жоспары тұрғындардың ұсыныс-тілегін ескере отырып жасалған. Қазір мұнда көпқабатты ғимараттардан бөлек, жеке тұрғын үйлер де салынып жатыр. Жеке секторға бөлінген жер телімдеріне жақында газ құбыры тартылды.
Марғұлан Сейдахметов, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
- Әрбір Қазақстан Республикасының азаматы өтеусіз жер учаскесін алуға құқылы. Сол бағдарлама бойынша 1 мыңға жуық учаскені табыстадық. Қазіргі уақытта құрылыс жақсы жүріп жатыр. Салынған нысандар өте көп. Бұл учаскелер инженерлік жүйелермен толық қамтылған.
Жезқазғанның бас жоспары екі кезең бойынша іске асырылады. Басты құжатта шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму тетіктері және ғылым мен білімді жетілдіру жолдары нақты көрсетілген.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев.