Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда айналымы үш есеге артады

Қазақстан мен Ауғанстан сауда-экономика, энергетика және транзит саласындағы байланысты арттыруға ниетті. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен бизнес-форумда айтылды, деп хабарлайды 24kz.

Екі ел арасындағы сауда айналымы осы жылдың сегіз айында 330 млн доллардан асқан. Оның 316 млн доллары Қазақстаннан экспортталған тауардың еншісінде. Ал, жылдық көрсеткіш 1 млрд доллар шамасында. Болашақта бұл көрсеткішті үш есеге ұлғайту жоспарланып отыр. Ол үшін транзиттік тасымал жүйесі, салық пен виза мәселесін шешу көзделіп отыр. Кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болды. Ауғанстанда вольфрам, титан, литий сынды қатты қазбалы байлықтардың үлкен қоры бар. Соларды елге әкеліп өңдеу жайы талқыланды.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:

- Сауда жөнінде бірнеше мәселе бар шешеу керек. Ол карантин жөнінде, салық жөнінде, тарифтер жөнінде. Сол мәселелерді бүгін талқылап, екі мемлекет арасындағы сауданы 3 млрд долларға жеткізу жөнінде бір құжатқа қол қоюды жоспарлап жатырмыз.

Иран Шархан, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:

- Басты бағыт бұл шикізат. Бұл шикізаттар Ауғанстанда өте көп, бізде оны өңдеу әлеуеті мол. Сол бизнес-форум шеңберінде осы бағыттармен әрі қарай жұмыс істейтін боламыз.

Форум аясында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның Сауда және өндіріс министрі Нуриддин Азизи кездесті. Тараптар Қытайдан Қазақстан арқылы Ауғанстанға транзиттік дәліз құру мәселесін талқылады. Мұнда Қазақстан екі елді байланыстыратын көпір болмақ.