Қостанай облысында өнеркәсіп өндірісі 50% артады
Қостанай облысында соңғы он жылда өнеркәсіп саласында 124 инвестициялық жоба жүзеге асты, деп хабарлайды 24kz.
Соның арқасында 6000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Әсіресе, өңірде өңдеу өнеркәсібі өріс алып келеді. Оның ішінде машина жасау саласы облыс экономикасының негізгі драйверіне айналды.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қостанай – отандық автоөндірстің көшбасшысы десе артық айтқандық емес. Нақты дерек келтірейік. Осы жыл басынан бері елімізде 83 мың жеңіл көлік шығарылған екен. Соның 53 мыңы, яғни, басым бөлігі Қостанайда құрастырылған. Соңғы он жылдың ішінде автоөндірістің қаншалықты дамығанын сол кезеңнен басы-қасында жүрген мамандардан ешкім артық айта алмас, сірә.
Александр Росликов, слесарь-электрик:
- Он екі жыл бұрын мен келгенде мынаның бәрі бос, екі өндіріс желісі ғана болатын. Қазір түрлі бренд көліктерін шығаратын 15-17 желі бар. Бұрын жүз шақты адам ғана жұмыс істесе, бүгінде құрастыру желілерінің бойында ғана 1500-ге жуық адам еңбек етеді.
Иә, зауыттың іші қайнаған жұмыс алаңына айналғандай. Бірі дәнекерлеп, бірі бояп, енді бірі жинап, құрастырады. Және бәрі дерлік өрімдей жас жігіттер мен қыздар. Әнбаға Ахарыс күні кеше ғана колледж бітіріп, осы зауытқа орналасқан. Міндеті – көлік қаңқасына ұсақ бөлшектерін орнатып, бекіту. Алдағы мақсаты – машина жасаудың технологиясын толық игеру.
Әнбаға Ахарыс, слесарь:
- Алдағы мақсаттарға жәй ғана құр несі емес, толық игеру – мақсатымыз. Соған қызығам өзім. Толық үйренсем екен деп. Мотор және қозғалтқыш, одан басқа бөліктері үйренгім келеді алдағы уақытта. Ол үшін әлі еңбек ету керек, жұмыс істеу керек. Көп білім алу керек, көп үйрену керек.
Қостанайда тағы бір ауқымды жоба – КІА зауыты салынып жатыр. Бұл өндіріс орнында 1500 адам жұмыс істейтін болады. Жылына 70 мың көлік шығаратын қуаты бар. Тақыр жерде бір жыл бұрын басталған құрылыстың біраз бөлігі еңсеріліп қалған. Сынақ түріндегі алғашқы көлік алдағы ақпан айында конвейерден шығады.
Ал мынау биыл ғана іске қосылған шойын құю зауыты. Жылына мұнда 45 мың тонна металл қорытып, түрлі бұйымдар жасауға мүмкіндік бар. Қазір қозғалтқыш картері, цилиндрлер блогын шығарып жатыр. Тапсырыс берушінің сұранысына сай техника бөлшегі алдымен зауыттың констуркторлық бюросында өлшеніп, пішіледі, сосын барып құйылады.
Дария Есмұхамбетова, инженер-конструктор:
- Бізге тапсырыс келеді. Біз оны талдаймыз. Оны қалай істей аламыз. Сосын технологияны құрастырамыз. Өз идеяларымызды қосамыз. Қазір міне, бізде мост жақын арада өндіріске енгіземіз. Жүк машинасының мостары, он екі түріміз бар. Соны қазір біз технологияларды істеп жатырмыз.
Зауытта өнімнің сапасына да аса мән береді. Сол үшінде жоғары технологиялы бірнеше сатылы сынамалар зертханасы ашылған.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Біз қазір зауыттың физика-механикалық сынамалар зертханасында тұрмыз. Бұл жерде металдың сапасы, оның құрамы, басқа да сипаттамалары жан-жақты зерттеледі.Мысалы мынау электронды машинада металды, құйылған шойынды қысып, тарту арқылы оның беріктігі тексеріледі. Барлық дерек, мәліметтер мынау компьютерде көрініс табады.
Өнеркәсіп өндірісін өркендету бағытында алдағы жоспарлар да ауқымды. Келер жылы индустриалдық аймаққа теміржол тартып, халықаралық логистикалық орталық салу көзделіп отыр.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Біздің елімізде халықаралық екі логистикалық орталық бар. Енді бізде де Қостанай қаласында осындай орталық келесі жыл салынатын болады. Өйткені салынып жатқан, ашылатын зауыттардың біраз өнімдерін біз уақытында алып, басқа мемлекеттерге жеткізуімз керек. Жылына бір 400 мың контейнер келетін болады.
Осы жобалар жүзеге асқанда Қостанай облысында өнеркәсіп өндірісі 50%-ке артып, өңірлер бойынша үздік үштікке енбек.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг