Базар азайып, онлайн сауда өркендеді

Сауда базарлары азайып, жұрттың көбі онлайн саудаға көшкен.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда былтыр елде 644 базар тіркелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 78-ге кем. Ал бұдан он жыл бұрын 777 базар бар еді. Демек 2013 жылдан бері 133 базар жабылған. Базардың азаюы көтерме саудаға да әсер етті. Биыл қаңтар-қыркүйек аралығында сауда көлемі 31 трлн теңгеге жуықтады. Өсім – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға аз.

Көтерме саудадағы ең қомақты үлес Алматы қаласына тиесілі. Жалпы елдегі көтерме сауданың 36 пайыздан астамы Алатау бөктерінде жасалған. Бұдан кейін 16,5 пайызбен Астана тұр. Сонымен қатар алғашқы бестікке Атырау, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы кіреді.

Көтерме саудадағы өңірлер үлесі

Алматы қаласы – 36,1%

Астана қаласы – 16,5%

Атырау облысы – 14,7%

Қарағанды облысы – 6,3%

Шымкент қаласы – 4,1%

Бөлшек саудада Алматы көш бастады 

Ал бөлшек сауда көлемі 7 пайызға артты. 9 айдағы айналымы 15 трлн теңгеге жуықтады. Жеке кәсіпкерлердің ісі жақсы жүрді. Олардың саудасы 10 пайызға жуық өсті. Ал кәсіпорындардың айналымы 6 пайызға артты.

Бөлшек сауда үлесі бойынша Алматы көш бастады. Алматыда елдегі сауда-саттықтың 32 пайыздан астамы жүргізілген. Екінші сатыға 13 пайызбен Астана шықты. Ал бұдан кейінгі орындарға Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары орналасса, бестікті Шымкент қаласы түйіндейді.

Сонымен қатар, елде электронды сауда қарқын алды. Дегенмен бұл саланың келешекте дамуы интернетке тәуелді дейді сарапшылар.  

Бөлшек саудадағы өңірлер үлесі

Алматы қаласы – 32,5%

Астана қаласы – 13,1%

Қарағанды облысы – 7,6%

Шығыс Қазақстан облысы  – 5,8%

Шымкент қаласы – 4,8%

Меруерт Махмұтова, сарапшы:

- Электронды саудамен айналысып жатқа кісіде бір жағынан тауарды таңдайды, оны төлегенше байланыс үзіліп жатса, оны қайтадан таңдау керек. Қайтадан іздеп жатқан соң оны біреу алып кетуі мүмкін. баға өзгеріп кетуі мүмкін. өзім билеттерді онлайн ғана алам, сондықтан дәл сол кезде уақытында транзакция төлеміне шыға қоймаса, оны қайтадан іздеп бастасаңыз, интернет тұрақсыз болғандықтан бағ да өзгеріп кетуі мүмкін.

Логистика және қойма бизнесі дамып келеді  

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша электронды сауда нарығы бір жылда 24 пайызға өсіп, 2 трлн теңгеден асты. Соның арқасында цифрлы саудаға қызмет көрсететін логистика және қойма нысандарының саны өсіп келеді. Әсіресе шағын кәсіпкерліктер тарапынан логистикаға қызығушылық жоғары. 

1 қазандағы жағдай бойынша логистика және қойма саласындағы белсенді жеке кәсіпкерлердің саны 95 мыңға жуықтады. Яғни былтырғымен салыстырғанда 26,8 пайызға өсті. Дегенмен, электронды саудада тауар сапасы төмен болатын жағдайлар жиі кездеседі дейді мамандар. СНХ.

Логистика және қойма саласы

Белсенді жеке кәсіпкер – 94,9 мың

Өсім – 26,8%

Көрсетілген қызмет құны – ₸439,7 млрд

Қоймалар мен автотұраққа сұраныс артты 

Саладағы кәсіпкерлік саны көбейгенімен қойма жалдау ақысы да қымбаттады. Биылғы жылдың 3-тоқсанында коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алу бағасы былтырғыға қарағанда 4 пайызға өсті. 

Оның ішінде автотұрақтар және кеңселермен қатар, асханаларды жалға алу ақысы 7,8 пайызға көтерілді. Кафелер мен өндірістік цехтарды да жалдау бағасы қымбаттады. Ал мейрамханалар мен қоғамдық тамақтану орындарын жалдау ақысы  – 4,5 пайызға, қоймаларды жалға алу құны 5,6 пайызға көтерілді.

Жылжымайтын мүлікті жалдау ақысы

Көпдеңгейлі автотұрақ – 11,8%

«С» санатындағы кеңсе – 8,1%

Асхана – 7,8%

Кафе мен өндірістік цех – 7,4%

Қоғамдық тамақтану орыны – 4,5%

Қойма – 5,6%