Тауарды интернеттен тапсырыспен жеткізудің саудасы қызып тұр
Қазір адамдар не керектің бәрін үйде отырып алдырады.
Оның үстіне бағасы да арзанға түсіп жатады. Онлайн тапсырыс ақшаға да, уақытқа да үнем. Жалпы қашықтан тапсырыс беру мен дәстүрлі сауданың жайы қалай?
Пандемиядан басталған онлайн сауда қазір қарыштап тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, соңғы бір жылда Қазақстандағы маркетплейстердің сауда айналымы 1,8 трлн теңгені құрады. Солай екенін әр қалада қаптап кеткен тауарды алып кету пунктерінен де байқауымызға болады. Елордалық жас кәсіпкер Қуаныш Жеткерген бір жылда екі бірдей нүктесін ашып алған.
Қуаныш Жеткерген, кәсіпкер:
- Мұнда 200 млн-ға дейін түрлі тауар бар. Посудадан бастап, киімге дейін, мысықтың тамағына дейін былай айтқанда, бала-шағаға кез келген заттың бәрі бар. Астана қаласында қазір 170 точка бар осы қалада, әлі де 100 точка ашылу керек деген сыбыс естіліп жатыр.
Қуаныштың айтуынша, бұл жерге күніне 100-150 адам келеді. Тұрмыстық заттар, киім-кешек, ойыншық – түрлі тапсырыстарын алып кетіп жатады.
Жалпы халықтың электронды саудаға сұранысы 2022 жылдан күрт өскен. 5 жыл бұрынғы онлайн сауда үлесі 1,8 пайыз ғана болса, соңғы екі жылда 12 пайыздан асып кеткен. 2023 жылы электронды сауданың қаржылай көрсеткіші 2,5 млрд теңгеге жуықтады.
Бөлшек саудадағы онлайн сауда үлесі (маркетплейстерді қосқанда)
2019 жылы – 1,8% (Т206,3 млн)
2020 жылы – 4,1% (Т476,7 млн)
2021 жылы – 3,6% (Т482 млн)
2022 жылы – 12,5% (Т1963,5 млрд)
2023 жылы – 12,7% (Т2439,8 млрд)
Керегіңді маркетплейстер арқылы алу – арзан әрі уақытты да үнемдейді. Тұтынушылар үшін қолайлы шығар, бірақ дүкенде отырған саудагерлерге бұл тиімсіз. Олардың саудасы мүлде жойылып кетпесе де, сұйылып жатқаны байқалады. Олардың ертең жұмыссыз қалуы да ғажап емес дейді Астана сауда үйлері қауымдастығының мүшесі Мұхтар Есболғанов.
Оған себеп екі жақтың сауда жүргізу мүмкіндіктері тең емес. Мысалы, электронды саудада салық мәселесі дұрыс қаралмаған. Ал дүкеншілер түрлі шығындарына байланысты тауарын үстемелеп сатуға мәжбүр.
Мұхтар Есболғанов, Астана сауда үйлері қауымдастығының мүшесі:
- Мына пиндодо, тему деген олардың стратегиялары арзан бағамен кіргізу, ана конкуренттерді алып тастау, біздің саудагерлерді, сонда 3 жылдан кейін конкуренттер қалмаған кезде олар қайтадан бағасын көтере салады, ал 1-2 млн адам жұмыссыз қалады.
Дегенмен, әзірге электронды сауда халық үшін тиімді болып тұр. Сондықтан үлесі де арта берері анық. Бұған көз жеткізген дүкеншілердің көбі қазір жағдайға бейімделіп, әлеуметтік желіде сатуға машықтанды.
Мөлдір Молдағали, Нұрғали Мамырбаев