Елордада халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі ашылды
Еліміз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 10 млрд долларға жеткізбек. Бұл туралы Елордада өтіп жатқан «Kazagro-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесінің ашылуында айтылды. Үш күнге созылатын шараға әлемнің 21 елінен үздік деп танылған 250 агрокомпания қатысып жатыр. Дәстүрлі көрме осымен 15-ші рет өткізіліп отыр.
Қазақстан ауыл шаруашылығы саласы бойынша Орталық Азияда көшбасшы ел саналады. Ет, сүт, көкөніс пен астық ел ішіне толық жетеді. Соңғы жылдары аграрлық салада ілкімді жобалар жүзеге асып, шаруалардың еңбегі ілгері басты. Соңғы 5 жылда ауыл шарушылығына тартылатын инвестиция көлемі 2,2 есе артып, 2 млрд доллардан асқан. Экспорт көлемі 5 млрд долларға жетті. Ал алдағы 1-2 жылда оның көлемін еліміз 10 млрд долларға жетуді көздеп отыр.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі:
- Қазақстан сияқты мемлекеттер үшін агроөнеркәсіп кешені ауылдың тағдыры деп айтсақ артық емес. Сондықтан ауылдың, сол ауылда тұратын азаматтардың болашағы бүгінде осындай жаңа технологиялармен байланысты. Бұл көрмелердің әріптесі саналатын Германия 40 компаниясын әкеліп отыр. Соған орай көрме жай ғана технологияларды ұсыну алаңы емес, мемлекетаралық қарым-қатынас тірегіне айналып отыр.
Ал шаруалар салаға тың жаңалықтар енгізуге ынталы. Сондықтан халықаралық көрмеге қызыға келгендер көп. Мұндай алаң еліміздің ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен ықпалын тигізбек.
Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл көрмеде ауылшаруашылық саласына арналған технологиялар ғана емес, барлық ауыл тұрғындары үшін өте қажетті басқа да жобалар ұсынылған. Отандық және шетелдік компаниялар да өз өнімдерін қойды. Бұл көрме ұлттық аграрлық брендке айналғанын қалаймыз.
Шолпан Қожабаева, халықаралық көрме компаниясының басшысы:
- Бұл көрмелер тек осы саланың ең үздіктерін жинаған. Мал шаруашылығы болсын, өсімдік өндіру болсын, жер тыңайту, химия болсын, осы сұрақтарға көрмеден жауап таба аласыз. Қазақстан – аграрлы ел. Жалпы ауыл шаруашылығында жаңалық не үшін қажет? Ең алдымен ол – климатқа байланысты өзгерістер өте көп болатын сала.
Мұнда үздік аграршыларға әлемдегі ең озық және жоғары сапалы техниканың түрлері ұсынылды. Көрме тұқым таңдаудан бастап өңдеу технологиясына дейінгі бүкіл өндіріс барысын қамтыды. Сонымен қатар мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруаларға, бордақылау алаңдары мен сүт фермаларына арналған өнімдер таныстырылды.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Ержан Қанапияұлы.