Қазақстан мен Өзбекстан 74 бірлескен жобаны жүзеге асырады

Қазақстан мен Өзбекстан құны 3,4 млрд доллар болатын 74 бірлескен жобаны іске асырмақ, деп хабарлайды 24KZ. Ел аумағында 65 кәсіпорын ашылады. Сөйтіп, 13,6 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Бүгінге дейін Қазақстанда 9, Өзбекстанда 3 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл туралы Самарқанд қаласында өтіп жатқан «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумында айтылды.

Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы негізгі сауда серіктесі. Биылғы 8 айда өзара тауар айналымы 2,5 млрд долларға жетті. Қазір Өзбекстан тауар айналымының жартысынан көбі Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өтеді. 18 бағыт бойынша әртүрлі көлік түрімен жолаушылар тасымалы реттелген. Бұл байланыстар енді одан әрі тереңдетілмек. Жалпы форум нәтижесінде құны 352 млн доллардан асатын 76 құжатқа қол қойылды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Игі дәстүрге айналған біздің екіжақты кездесуіміз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің өзара достық және құрмет рухына сай келетінін айтқым келеді. Бұған ең алдымен мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёев арасындағы сенімді саяси диалог ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда біздің алдымызда тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жөніндегі ауқымды міндеті тұр. Бұл тұрғыда өңіраралық форумның рөлі ерекше.

Абдулла Арипов, Өзбекстан Республикасының премьер-министрі:

- Кейінгі 7 жылда Өзбекстан мен Қазақстанның тауар айналымы 2,5 есе өсіп, былтыр 4,4 млрд долларға жетті. Қазір Өзбекстанда қазақстандық капитал құйылған 1 мыңнан астам компания тіркелген. Оның үстіне шекаралас Қарақалпақстан Республикасы мен Маңғыстау облысы, Ташкент, Түркістан және Науаи, Қызылорда сынды аймақтар арасында мығым байланыс орнаған. Басқа да өңірлеріміз қарым-қатынасты тереңдетіп, сауда-саттықты ұлғайтып, өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету ісін бастап кетті.