Қостанайда ірі жел электр стансысы салынады

Жаңа жобаны іске асыру жөнінде облыс әкімі мен «Universal Energy Qazaqstan» компаниясының құрылтайшысы екіжақты меморандумға қол қойды. Арадағы келісімге сәйкес қала маңындағы аумақта 160 жел турбинасы орнатылады. Стансының қуаты – 1 гигаватт. Бұл облыс тұтынатын электр энергиясы көлемінен артық. 

Бұл – жасыл энергетиканы дамытудағы мегажоба. Мамандар осындай баға беріп отыр. Құны 900 миллион доллар тұрады. 1100 гектар аумақта қалақшалы 160 жел қондырғысы орнатылады. Инвесторлар: «Келер жылдың тамыз-қыркүйек айында бастап әрі кеткенде 6-7 айдың ішінде барлық турбиналарды тұрғызамыз», – дейді. Бұл жобаның басқалардан ерекшелігі, жел электр стансысының қор жинайтын батареялары болады.

Ерлан Кожасбай, «Universal Energy Qazaqstan» ЖШС компаниясының тең құрылтайшысы:

- Батареялары бар жел стансысы бірінші Қостанайда салынбақ. 300 мегаватт қор жинай алады. Күн де, жел де тұрақты емес. Сондықтан тоқ қорын қалыптастыру маңызды. 3-4 жылда осының бәрін іске асырамыз деп ойлаймын.

Жергілікті бизнес өкілдері, тауар өндірушілер жаңа жобаны қуана қабылдады.

Ким Де Ки, «Kia Qazaqstan» ЖШС бас директоры:

- КIA компаниясының талабы бойынша біз жасыл экономикаға басымдық беруіміз керек. Қазір корпорация басшылығы баламалы энергия көздерін өндірушілермен тығыз байланыста болуды міндеттеп отыр. Сондықтан Қостанайда ірі жел стансысының салынуы біздің мүддемізге сай.

Рүстем Тілеубаев, «АгроМаш» зауытының басқарма басшысы:

- «АгроМаш» зауыты – Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын ең ірі кәсіпорын. Әлі де жаңа брендтерді тартып, өндіріс көлемін кеңейтпек ойымыз бар. Ол үшін бізге қосымша электр энергиясы қажет. Индустриалды аймақта қаншама зауыт салынып жатқанын ескерсек, электр қуатына тапшылық туындайтыны анық. 

Қазір Қостанай облысы электр энергия бойынша сыртқа тәуелді. Жыл сайын Тобыл өңір 0,40 гигаватт тоқ тұтынады. Ал өзінің өндіретіні – небәрі 0,12 гигаватт. Яғни, 4 есе кем. Осы тапшылықтың орнын жабу облыста кешенді шаралар қолға алынып отыр. Қала аумағында 100 мегаваттық тағы бір жел стансысы бой көтереді. Одан бөлек, алғаш рет күн және газ поршенді электр стансыларын салу жоспарда бар. Өңірде 5 жыл аралықта туындаған көгілдір отын мәселесі де оң шешімін тапты.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Былтыр Мемлекет басшысы Қостанайға келген сапарында осы мәселе талқыға салынған. Содан Президент Үкіметке, министрілікке тапсырма берді. Біз жыл бойы белсенді жұмыс істедік. Енді Ақтөбе облысынан Қостанайға дейін 4 миллиард текше метр көгілдір отын өтетін ірі газ құбырының құрылысын бастау жөнінде шешім қабылданды.

Бұл жобалар іске асқанда облыста газ, электр энергия жетіспеушілігі азайып, өндірісті өркендету мүмкіндігі кеңейеді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.