Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумы барысында екіжақты келісім жасалды

Алматыда үшінші Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумы аяқталды, деп хабарлайды 24KZ. Үш күнге созылған халықаралық кездесу барысында екіжақты келісім жасалды. Ел премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизи меморандумға қол қойды.

Осы келісім аясында екі елдің тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін ұлғайту көзделген. Өткен 8 айдағы сауда-саттық 330 миллион доллардан асқан. Сонымен қатар Қазақстан географиялық тұрғыда Қытай мен Ауғанстан арасындағы негізгі транзитке айналуы мүмкін. Нәтижесінде елдің транзиттік қуаты артып, тауар бағасы арзандайды.

Одан бөлек, табиғи қазбаларды өңдеу, өндіру бойынша да келісім жасалды. Біздің кәсіпорындар ауған жеріндегі пайдалы қазбаларды өңдеп экспортқа шығармақ. Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизидің айтуынша, екі елдің экономикалық байланысы аясында Қазақстанда ауғанстандық сауда үйі ашылмақ.

Нуриддин Азизи, Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі:

- Біз Астана қаласында ауғандық тауарлар сатылатын сауда үйін ашуды жоспарлап отырмыз. Одан кейін дәстүрлі көрмелер ұйымдастырмақпыз. Қазақстандық нарықтың ауған кәсіпкерлері үшін ашық болғанын қалаймыз. Осылайша екі ел арасындағы экономикалық байланысты арттырамыз.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:

- Сауда айналымын 3 млрд долларға дейін жол картасына қол қойдық. Бұл жол картасында бірнеше мәселелерді шешіп жатырмыз. Айтып кеткендей, банк мәселесі, Қазақстанның экспорты, Қазақстанның импорты, содан кейін көлік мәселелері, инфрақұрылым мәселелері – осындай барлық мәселелерді біз талқылап, осы мәселелерді шешу мақсатын 2-3 жылға қойдық.