«Өзбекстан – Қазақстан» өңіраралық форумы аясында 76 құжатқа қол қойылды

«Өзбекстан – Қазақстан» IV өңір-аралық ынтымақтастық форумы аясында жалпы құны 352 млн доллардан асатын 76 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жедел жүзеге асыру жоспары бар. Жаңа келісімдер энергетика, тау-кен өнеркәсібі және геология салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етпек.

Қос мемлекет арасындағы дәнекерге айналған басқосу алғаш рет осыдан 6 жыл бұрын Шымкентте өткен еді. Содан бері екі елдің сөзін ұстаған саяси тұлғалар мен кәсіпкерлер Үргеніш, Түркістан секілді қалаларда екі мәрте кездесіп, кеңес құрды. Соның нәтижесінде Қазақстан мен  Өзбекстан тату көрші ғана емес, стратегиялық серіктестерге айналды. Екі елдің ынтымағы әсіресе соңғы 10 жылда дамылсыз дамып келеді.

Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының өңіраралық форумын өткізу құқығы биыл Самарқанға бұйырды. Тақырып өзекті. Өзара сауда айналымын арттырып, бірлескен жобаларды жедел жүзеге асыру. Қазір Өзбекстан – Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Былтыр алыс-берісіміз 4,4 миллиард долларға жуықтады. Анығында әлеует бұдан да жоғары.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Өңіраралық ынтымақтастық форумы екі мемлекеттің сауда-экономикалық байланысын тереңдетудің негізгі тетігі саналады. Біздің президенттеріміз тауар айналымын жақын аралықта 10 млрд долларға жеткізуді міндеттеді. Бүгінгі премьер-министрлердің басшылығымен өткен іскерлік басқосу сол мақсатқа қол жеткізу ниетімізді білдіреді.

Осы күні қазақ пен өзбек азаматтары бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істейтін сала көп. Үрдісі үзілмей ұйымдастырылатын өңіраралық форумның мәні де сол. Бұған дейін Қостанайда автомобиль өндірісі, Саранда тұрмыстық техника шығаратын зауыт, Шымкент пен Түркістан облысында тігін-тоқыма фабрикалары, Ангренде автоклавты газ-бетон өндірісі іске қосылды. Енді өнеркәсіптік кооперацияны одан әрі дамытуға мән беріліп отыр. Бірлескен 74 жобаның 65-ін Қазақстан аумағында жүзеге аспақ. Бұл іс біздің елде 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға сеп.

Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:

- Өзбекстан сауда палатасымен кешеден бері бірнеше келіссөз жүргіздік. Ақтау қаласында сауда-логистикалық орталығын ашу және Тәжен кеден бекетінде еркін сауда аймағын құру. Ол ұсыныс енді жасалды. Іске асыру болашақтың еншісінде.

Биылғы форумның ерекшелігі – екі ел кәсіпкерлерінің кең ауқымда өткен іскерлік кеңесі. Оған 200-ге тарта делегат қатысып, ілкімді істерін саралады. Осы арқылы үшінші мемлекеттерден келетін импортты отандық өнімдермен алмастыру көзделген.

Сұлтанбек Бакиров, «Қазақ жібек» қауымдастығының төрағасы:

- Мақсатымыз – Қазақстанда жібек кластерін дамыту. Түпкілікті жұмыс орындарын ашу. Ауыл әйелдерін 80% жұмыспен қамтығымыз келеді. Өткен жылы біз 300 мың көшет егіп, жұмыс бастадық. Бұл көшеттер бізге сәйкес келгендіктен, осы форумға келдік. Қазір Өзбекстанның ауыл шаруашылығы министрімен жолығып, 6 млн көшет аламыз. Бұйырса, 10-15 күнде бастаймыз.

Екі елдің үкіметі қолға алған тағы бір ауқымды бастама – «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы. Шекара бойында салынатын нысан қазақ-өзбек бизнесінің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Себебі онда «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер енгізіліп, салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылады.

Келелі кеңесте көлік-логистикалық әлеует те бағамдалды. Қазір ала шапанды ағайын экспорттық тауарларының жартысынан астамын Қазақстан арқылы шет мемлекеттерге жөнелтеді. Арада жүк және жолаушылар тасымалы тоқтаусыз жүріп жатыр. Демек логистикалық байланыстарды одан әрі тереңдету маңызды.

Нұралхан Көшеров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

- Өзбекстан мен Түркістан облысы жақсы қатынаста сауданы дамытып келе жатырмыз. Біздің облыспен былтыр 422 млн доллар сауда-саттық болған. Соның ішінде 253 млнбіздің экспорт. Ол көбіне: ет, бидай, ұн, майлы дақылдар. Бүгінгі форум қорытындысында біз 14 құжатқа қол қоямыз. Алтауы – коммерциялық құжат. 500 жаңа жұмыс орнын ашады.

Іскерлік кеңес аясында құны миллиондаған доллар болатын 76 құжатқа қол қойылды. Шекара маңындағы өңір басшылары мен кәсіпкерлер өзара сауда-саттықты дамыту жайын пысықтады. «B2B» форматындағы басқосуда металлургия, құрылыс индустриясы, тамақ өнеркәсібі, IT және туризм секілді бағыттарда өзара іс-қимыл тетіктері қаралды.

Авторы: Рауан Мыңбаев.