Атырау облысында тәуелсіздік алғаннан бастап 835 млн тонна мұнай өндірілді

Атырау облысында тәуелсіздік алған 33 жыл ішінде 835 млн тоннаға жуық мұнай өндірілді, деп хабарлайды 24kz.

Биылғы 9 айдағы көрсеткіш 39 млн тоннаға жетті. Ел экономикасының күретамырына айналған өңір жыл санап дамып келеді. Мұнай-газ саласында бірнеше өндірістік кәсіпорын ашылды.

Егемендік алғалы ел экономикасының дамуында мұнайшылардың еңбегі ерен. 1993 жылы ашылған Теңіз кен орны жылдық өндіріс қуатын 1 млн тоннадан 29 млн тоннаға ұлғайтты. Ғасыр жобасының арқасында экономикаға 200 млрд-қа жуық доллар құйылды.

Ботагөз Құлшаева, Мұнай өндіруші компанияның мүдделі тараптармен байланыс бойынша менеджері:

- Теңіз мыңдаған қазақстандықты кәсіби маман ретінде қалыптастырды. Атырау облысына мектеп, аурухана, спорт кешендері, балабақшалар сияқты 120-дан астам әлеуметтік нысандарды сыйға тартты.

Қазір өндіріс жанданды. 33 жыл ішінде өңірде 835 млн тоннаға жуық мұнай өндірілді. Сала қарқынды дамып келеді. «Елдің дамуы жолында мұнайшылардың маңдай тері жатыр», - дейді сала ардагері Мақсым Ізбасов.

Мақсым Ізбасов, ардагер мұнайшы:

- 1992 жылы Ақінген кен орыны, 1993 жылы Қисымбай кен орны, 1995 жылы Аққұдық кен орындары іске қосылса, кейінгі жылдары 1994-1995-те оңтүстік-шығыс прорвадағы Батыс алаңын игердік. 2006 жылы біз Тайсойған полигонынан бірінші Уаз кен рнынан алғашқы мұнайын алдық. Қазақ мұнайының ел экономикасына қосқан үлесі мен зор деп есептеймін. Мұнайшылар әлі де өздерінің үлесін қосады, жоғары деңгейде болады деген ойдамын.

2022 жылы ресми ашылған полипропилен зауыты жылына 550 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Ішкі нарықты қамтитын полипропилен шетелге де экспортталады. Зауыттағы жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындар.

Дәмір Әшімов, полипропилен зауытының бас директоры:

- Өнімдерді Түркия, Еуропа, Ресей, Қытайға экспорттаймыз. Қазір зауытта 628 адам еңбек етеді. Соның шамамен 80%-і жергілікті тұрғындар. Биылғы 9 айда 180 мың тонна полипропилен өндірілді.

Ал Қашаған кен орны соңғы 30 жылда дүниежүзінде теңіз қайраңынан табылған мұнай қорының аса ірі көлемі сақталған аймақ. Каспийдің солтүстігіне алғаш боп бұрғы салған Қазақстан 112 млн тонна мұнай мен 69 млрд текше метр газ өндірді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Қазақстандағы көмірсутегі шикізатының 65%-і орналасқан Атырау өңірі үшін мұнай-газ өнеркәсібі ерекше басымдыққа ие. Экономиканың күретамыры саналатын сала өзге де бағыттардың даму даңғылына жол ашты. Осылайша, еліміз 30 жылдан астам уақытта мұнай өндіру бойынша әлемдегі 15 елдің қатарынан табылды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин