Аралда дайындалған өнім Жапонияға экспортқа шығарылады
Жантақ пен түйе сүтінен жасалған өнімдерге жапондардың көңілі ауып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Қызылордаға келген шетелдік мамандар Арал ауданында өндіріле бастаған шәй мен сабынды Орта Азия мен Күншығыс еліне экспорттауға ұсыныс жасады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы 1961 жылы Жапонияда басталған. Нәтижелі болған соң Қазақстанда да қолға алынды. Бүгінде ауылдықтар бизнес идеясын жүзеге асырып, табиғи таза өнім өндіріп жатыр. Өңірлердегі кәсіпкерлік палатасы қолдау жасап отыр. Артылған өнімді экспортқа шығару міндеті тұр. Осы орайда жапониялық сарапшылар Қызылорда облысында қолға алынған жобалармен танысты.
Пірмұхаммед Сыздықов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:
- Осы өнімдерді тереңдей зерттей отырып, оны Қырғызстанға және Жапонияға шығаруға жұмыс жасайтын болады. Ол жерге барған кезде де өздерінің тәжіребиесімен, әрі қарай маркетинг дейміз ғой, сату жолдарын қалай қаптама жасау керек, қалай дәмін өзгертуге болады деген нәрселерді айтып жатыр.
Түрлі өсімдіктің қоспасы бар сабынды Арсена Күшжанова отбасымен бірге қолдан жасайды. Әзірге айына 100 келі өнім шығарады. Көбіне дәруменге бай ешкі, түйе сүті мен жантақ қолданады екен.
Арсена Күшжанова, Арал қаласының тұрғыны:
- Негізі күрделі процес қой бұл. Табиғи емдік сабын істеп шығару. Үйреншікті бір жыл уақытыңды алады. Сен дұрыс емес істейсің. Қоспалары дұрыс болмайды. Бірақ талмай еңбектенгеннің арқасында қазір жақсы, 7 қалаға жіберіп жатырмыз.
Арал қаласының тағы бір тұрғыны Жұлдыз Нұрперзентқызы ен далада түйеге ғана азық болған жантақты жинап, емдік шәй өндіре бастаған. Қарапайым тікен шөптің қасиетін бұрыннан білгенмен, оны кәсіп көзіне айналдыруды ««Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында қолға алдым»,-дейді қала тұрғыны.
Жұлдыз Нұрперзентқызы, Арал қаласының тұрғыны:
- Негізі осы Аралдан өсетін жантақты бұрын үлкен кісілер, аталарымыз, әжелеріміз ішіп жүретін осы шәйді. Сол кезден бастап біздің құлағымызға сіңіп қалған десек те болады бұл шәйдің пайдасы. Қолдан жасайтын болғасын, ешқандай құрылғысыз, айына 25-30 келі шығарып тұрмыз.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының Орта Азия бойынша сарапшылары Арал өңірін аралап, түйе сүтін өндіру, жантақтың өсу ортасымен танысқан. Жапониялық мамандар табиғи таза өнімнің сапасын арттыру және оны экспорттауға қатысты ұсыныс білдірді.
Джунко Ешимизу, «Бір ауыл-бір өнім» жобасының сарапшысы:
-Аралдық кәсіпкерлердің бұл бастамасы жақсы нәтиже көрсеткен. Бизнес идеяның болашағы зор деп есептейміз. Өндірісті дамыту үшін қандай шараларды атқару керек екенін айттық. Қаптамасының дизайнын жасауға көмектестік. Өнімді экспортқа шығару жоспарда бар.
««Бір ауыл – бір өнім» жобасының қазақстандық үлгісі жергілікті брендті қалыптастырып, кәсіпкерлікті дамытуға, ауыл әлеуетін көтеруге жол ашады», - дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев