Елімізде астық экспортының әлеуеті артты

Биыл астық бітік шығып қана қоймай, өнімділік те жоғары болды.

Бұл соңғы жылдардағы ең тәуір көрсеткіш. Демек, стратегиялық маңызы зор тауарлы астықтың экспортын ұлғайту мүмкіндігі арта түседі. Мамандар бидайдың сапасы көңілден шығатынын айтты. Бұл баға саясатына оң әсерін тигізетін болар?   

Бірақ бағаға басқа да факторлар әсер етеді. Мысалы, үкімет жаңа жылға дейін Ресей бидайының импортына шектеу енгізді. Тек құс фермаларына қажетті жем, өңдеуге қажет дақылдарды елге тасымалдауға рұқсат берілген. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл ішкі нарықты қорғау үшін емес, ең алдымен  бағаны реттеу үшін қажет болды. Өйткені, шекарадан астыртын әкелінетін бидайдың бағасы арзан болып, өзіміздің  диқандар өсірген өнім өтпей қалады.

Астық экспортының әлеуеті артты

- Шектеу енгізілгеннен кейін ахуал біршама жақсарды. Нәтижесінде трейдерлер бидайдың әр тоннасы үшін бағаны 20 долларға өсіріп, астықтың құнын арттырды. Экспорт үшін бұл жағымды жаңалық. Жаңа жылдан кейін шектеу алынған соң да, шекарадағы ресейлік импорт жіті қадағаланады. Осылай деген Серік Жұманғарин, бұл уақытқа дейін бірқатар елмен келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Мәселен, қыркүйекте Иранға 140 мың тонна бидай экспортталыпты. Осылайша бұған дейін қолжетімсіз болған нарық бізге есігін айқара ашты. 

Серік Жұманғарин, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Көптен бері осындай сападағы бидай жинамап едік. Былтыр 3-ші санатты астықтың үлесі 35 пайызды ғана құраған. Қалғанының сапасы бұдан да нашар болды. Бұл әрине,экспорттың әлеуетіне әсер етпей қоймайды. Сапасы төмендеу болғандықтан, сырттағы нарықтардан ығыстырылдық. Дей тұрғанмен биыл олай болмайды. Міне, Қытайға 2 млн тонна жеткізетін болып келістік.

Енді экспортталатын астықтың жалпы көлеміне тоқталсақ. 12 млн тоннасын сыртқа саудалауға толық мүмкіндігіміз бар. Оның ішінде бидайдың 7 млн тоннасын, арпаның шамамен 1 млн 400 мың тоннасын өткізе аламыз. Сол сияқты 300 мың тонна жүгері мен 1 млн тонна майлы дақылдарды саудалауға болады.

Астық экспортының әлеуеті

Барлығы  – 12 млн тонна

Оның ішінде: Бидай  - 7-7,5 млн тонна

                          Арпа - 1,3-1,4 млн тонна

                            Жүгері  - 300 мың тонна

                            Майлы дақылдар – 1 млн тонна  

Cауда және интеграция министрі әлгінде айқандай, Қытайға  астықтың 2 млн тоннасын сату келісілді. Бұдан бөлек экспорт қарастырылып жатқан елдердің мына тізіміне үңілсек, келесіні көреміз: Орталық Азия, Ауғанстан аумағына 4 млн 200 мың тонна, Түркия мен Таяу Шығыс елдеріне 1 млн тонна, Италияға 1 млн тонна бидай жеткізу қарастырылып отыр. Сол сияқты Арменияға 600 мың, Солтүстік Африкадағы елдерге қосымша 200 мың тонна өткізу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бидай экспорты қарастырылып жатқан елдер: 

Орталық Азия, Ауғанстан - 4,2 млн тонна

Түркия,  Таяу Шығыс – 1 млн тонна

Армения - 600 мың тонна

Италия -  1 млн тонна

Солтүстік Африка елдері - 200 мың тонна 

Тақырыпты түйіндер болсақ, жыл соңына дейін тасымал қауырт болмақ. Көлік министрі Марат Қарабаев, осы ретте айына кемінде  1 млн 200 мың тонна астық экспорттау көзделетінін жеткізді. Жалпы, күз басталғалы темір жолмен 1 млн 53 мың тонна астық жөнелтілген екен. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 24 пайызға көп. Құрық портындағы астық терминалының құрылысы аяқталып, логистиканың біршама жеңілдегенін осы ретте айта кеткен жөн.