Ақмола облысында өнеркәсіп саласында 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді
Ақмола облысында жыл басынан бері өнеркәсіп саласында 1,4 трлн теңгенің өнімі өндірілді.
Әсіресе аймақта азық-түлік өнімдері, оның ішінде өсімдік майы, ет пен ұн өндірісі ілгеріледі. Өнім көлемі сондай-ақ, машина жасау, тау-кен, химия саласы мен құрылыс индустриясында да көбейіп отыр.
Көкшетаудағы мына зауыт жылына 95 миллион дана кірпіш шығарады. Өндіріс ошағы Испанияның озық технологиясымен жабдықталған. Сондықтан, зауыт өнімі сапалы, әрі қаһарлы қыстың аязына төзімді келеді,-дейді мамандар. Қазір мұнда 350 адам еңбек етеді.
Ержан Есқожинов, кірпіш зауытының қызметкері:
- Сегіз жыл істеймін осы зауытта. Сегіз жылдың ішінде біздің қаламыз өсіп, үйлер салынып жатыр. Мен ойлаймын осы зауыттың арқасында, кірпіштердің арқасында үйлер салынып жатыр.
Қазір өнідіріс ошағында кірпіштің 200-ге жуық түрі дайындалады. Зауыт өз өнімін ішкі нарықтан бөлек алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Сұраныс жоғары. Сондықтан елорда да тағы бір кірпіш зауытын ашуды көздеп отыр.
Мырзабай Әбдіхалықов, кірпіш зауытының директоры:
- Осы жаңа жылға дейін Астана қаласында қуаттылығы 60 миллиондық зауыт іске қосылады. О зауытта мен ойлаймын жақсы бір өзінің орын табады деп, Астана өңірінде сұранысқа ие болады деп өзіміз ойлаймыз. Мұндай жетістіктерге жету үшін бізге облыс басшылығы жағынан үлкен қолданыс көрсетіледі.
Ал полиэтилен қапшықтарын шығаратын бұл кәсіпорын Орталық Азиядағы ең ірі өндіріс ошағы саналады. Фабрикадағы өнім сұранысқа байланысты дайындалады. Қазір айына шамамен 8 миллион дайын өнім шығарады. Бір мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіорын толығымен автоматтандырылған. Бұл қызметкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді.
Ерік Әміржанов, кәсіпорын қызметкері:
- Мен 2015 жылдан бастадым. Бір жылдай мен ткаций цехта жұмыс жасадым. Одан кейін раскройный цехына ауыстым. Бұл цехта көп жұмыстар қолмен жасалатын болған. Сосын бірте-бірте ақырын автоматтандырылды. Бірнеше функционалды аппараттар әкелді Түркиядан. Міне соның бірі жұмыс жасап тұр. Бұрын жандарын бәрін қолмен кесетін едік. Қазір бәрі автоматпен.
Өнеркәсіп саласындағы өсім көлемі өңір экономикасына да әсер етеді. Мәселен, жыл басынан бері 179 млрд теңге инвестиция тартылды.
Әлинұр Әбілғазин, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:
- Өнеркәсіп саласындағы соңғы жылдардағы көрсеткіштерді алсақ, біздің аймақ республика бойынша кірпіштің төрттен бір бөлігін өндіреді. 20 пайыздан астам полиэтилен қапшықтарын шығарады. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруда қарқын артты. Елімізді 100 пайыз подшипникпен қамтамасыз етіп отырмыз.
Жалпы осы жылы өңірде 187 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде 2 мыңға тарта жаңа жұмыс орны ашылады.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный