Өзбекстанға өсімдік майының экспорты артады
Еліміздің тауар өндірушілері Өзбекстанға экспорттық тасымалды арттырады.
Бұл жайында Самарқанда өткен Қазақстан-Өзбекстан IV өңіраралық ынтымақтастық форумында белгілі болды. Екі елдің 200-ге тарта кәсіпкері қатысқан жиында тек шекаралас аймақтар емес, басқа да өңірлер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық орнады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының өндірушілері оңтүстік көршімізге ауқымды көлемде өсімдік майын жеткізетін болды. Келісім құны 12 млн долларға тең. Бұдан бөлек, Қазақстанның Абай және Өзбекстанның Жизақ облысы өзара әріптестік жөніндегі меморандум жасасып қана қоймай, бірлескен құс фабрикасын салу бастамасын қолға алды. Ілкімді істердің тағы бір парасы Түркістан өңірінде жүзеге аспақ. Аймақ кәсіпкерлері форум алаңында өзбекстандық тараппен жалпы құны 68 млн долларлық 14 жобаны бекітті. Соның ішінде түркістандық қыз-келіншектерді жұмыспен қамтуға бағытталған тігін және тоқыма кластерін құру бастамасы бар.
Азизджон Ибрагимов, Жизақ облысы хокимінің орынбасары:
- Бұл форумда Жизақ облысы Қазақстанның Шымкент қаласы мен тағы бірқатар облыспен ынтымақтастық келісімін жасады. Құжат ғылыми-техникалық және сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуді көздейді. Кәсіпкерлеріміз осы келісім негізінде нәтижелі жұмыс істейді деген сенімдеміз.
Әділбек Мұсабаев, Абай облысы әкімінің орынбасары:
- Осы жылдың 9 айының нәтижесінде Абай облысы Өзбекстан республикасымен сауда айналымы 30 млн доллардан асып түсті. Мұның мүмкіндігі бұдан да әрі ұлғаюына мүмкіндіктер бар. Біріншіден агроөнеркәсіптік кешен саласында түрлі жобаларды жүзеге асыру жоспары бар. Мәселен, қазір өзбекстандық компаниялар Абай облысында құс фабрикасын салуға ниеттеніп отыр.