Қызылорда облысында құрылыс көлемі 5 есе артты

Қызылорда облысында 3 жыл ішінде құрылыс көлемі 5 есеге өсті, деп хабарлайды 24KZ. Биыл өңірде 176 жоба жүзеге асып жатыр. Өңірде тұрғын үй, әлеуметтік нысандармен қатар жаңа өндіріс орындары да іске қосылды. Бұл жобалар аймақтағы қандай мәселелерді шешті?

Осыдан 10 жыл бұрын Сырдария өзенінің сол жағалауы жыңғыл мен шегел өскен, шаңы бұрқыраған ен дала еді. Қазір мұнда бірнеше шағынаудан пайда болып, маңызды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Қала аумағының кеңеюінен-ақ құрылыс көлемінің еселеп артқанын байқауға болады.

Сол жағалауды кешенді игеру басталғалы 65 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілген. Бұл баспаналар кезекте тұрған 3 мыңдай отбасына үлестірілді. Солардың бірі – Гүлсезім Үбайділда. Ол 12 жыл пәтер кезегін күткен.

Гүлсезім Үбайділда, қала тұрғыны:

- Екі бөлмелі үй алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Іші өте тамаша, қазіргі заманға сай. 2012 жылдан бері күтіп жүрміз. Сол, бүгін беріп жатыр.

«Солжағалау», «Бәйтерек», «Астана», «Арай». Бұл – Қызылорда қаласында соңғы 15 жылда пайда болған жаңа ықшамаудандардың атауы. Осы шағынаудандарда 4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Өңірде соңғы 5 жылда құрылыс көлемі артып келеді. Мысалы, 2020 жылы 608 мың 900 шаршы метр тұрғын үй бой көтерсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 863 мың шаршы метрден асты. Ал осыдан 2 жыл бұрын әлеуметтік нысандар құрылысына 24 миллиард теңге бөлінген. Биыл 5 есеге көбейді.

Ерлан Төрәлиев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Бөлінген қаражатқа 189 нысанның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Оның ішінде 36 білім беру нысаны, 22 денсаулық сақтау нысаны, 14 мәдениет және 13 спорт нысаны. Онкология ауруханасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылы перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Ұлттық жобаның шеңберінде облыс бойынша 26 дәрігерлік амбулатория салдық. Оның 16-сын өткен жылы табыстадық. 11-ін биыл табыстаймыз.

Жаңа әлеуметтік маңызды нысандар қатарында заманауи үлгідегі қан орталығы да бар. Жоба құны – 2 миллиард 700 миллион теңге. Бұрын бұл мекеме облыстық көпбейінді аурухана ғимаратының бір бөлігінде отырған. Енді мамандар мен зертхана құрылғылары тиісті талапқа сай кең бөлмелерге орналастырылды.

Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қызылорда облысы бірде-бір қан орталығы, арнайы бөлек ғимараты жоқ облыстардың бірі еді. Осы мәселе түбегейлі шешілді. Енді бұл қан орталығы жылына 5 мыңнан 10 мың адамға дейін қызмет көрсетеді. Негізгі функциясы – облыстағы барлық медицина ұйымдарына қажетті қан көлемі, қанның компоненттерін, осының бәрін бір облыстық мекеменің толық қамтамасыз етуі.

Еліміздегі алғашқы шыны зауыты да Қызылордадан ашылды. Кәсіпорын жылына 197 мың тонна шыны табағын өндіруге қауқарлы.

Ғалымжан Қуатов, шыны зауытының өндірістік бөлімі басшысының орынбасары:

- Екі түрлі дайын өнім шығады. Біреуі күннен қорғайтын жабындысы дейміз, екіншісі – энергия үнемдейтін шыны. Күннен қорғайтын жабынды ол күн сәулесін өзіне қабылдамайды, кері қайтарады. Ал энергия үнемдейтін дегенеміз ол күн сәулесін өзіне алады да, бірақ жылуды өзінен шығармайды. Сол себепті жылуды үнемдеуге әсерін береді.

Қызылордада УЕФА талаптарына сәйкес келетін 10 мың орынды стадион құрылысы да жүріп жатыр. Жалпы соңғы үш жылда өңірде 115 әлеуметтік нысан бой көтерген.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.