Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі жасақталады

Биыл елде өндіріс көлемі шамамен 5% өсті, деп хабарлайды 24kz.

Өсім, әсіресе, жиһаз, химия өнеркәсібі, металлургия мен машина жасау салаларында байқалып отыр.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 6,5%-ке артты. Оның ішінде негізгі тауарлар – өндірістік сорғы, кабельдер, тіркемелер мен арматура. Ал импорт көлемі 7%-ке төмендеген. Мамандар мұндай көрсеткіштерді инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған шаралармен байланыстырып отыр.

Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Олардың жалпы құны 1,3 трлн теңге. Осы жобалар аясында 15 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазірдің өзінде 56 жоба іске асырылды. Қалғандары аяқталуға жақын. Елде бәсекеге қабілетті өнеркәсіп кешендерін құруға басымдық беріліп жатыр.

Енді отандық тауарөндірушілердің бірыңғай реестрі жасақталмақ. Сол тізімдегі кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылады. Оның ішінде салық жеңілдіктері, демеуқаржы мен лизингтер қарастырылған.

Тұрар Жолмағамбетов, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары:

- Екінші деңгейлі банктердің несиелері 20-22% болып жатса, біз өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 9%-ке дейін сондай несие беріп жатырмыз. Енді осы жылы қолға алынған мәселе, өзіңіз білетіндей, біздің ұлттық жоба, біраз мектептер салынды ғой. Сол мектептер салынған кезде «Самұрық Қазынамен» бірлесіп, мүмкіндігінше сол сатып алудағы көп жағдайда отандық тауар өнімдерін қолдап шыққан болатынбыз. Сәйкесінше, бұл да бір өзінің септігін тигізіп жатты.

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар мен отандық тауарөндірушілер 133,5 млрд теңгеге 285 ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасты. Өндіріс орындарын тапсырыстармен ұдайы қамтамасыз ету үшін мемлекеттік сатып алынатын тауарлардың тізбесі кеңейтіліп жатыр.

Авторы: Еркебұлан Смадияров