Ақтөбе облысында 925 млрд теңгенің өнімі өндірілді
Биыл Ақтөбе облысының шағын және орта бизнес кәсіпорындары 925 миллиард теңгенің өнімін шығарды, деп хабарлайды 24KZ. Аймақта тұрақты жұмыс істейтін өндіріс орындарымен қатар жаңа кәсіпорындар да іске қосылып жатыр. Соңғы 14 жыл ішінде 40 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Биыл Ақтөбеде 35 шағын және орта бизнес нысаны ашылды. Алдағы екі айда тағы 10-ы іске қосылады. Олардың қатарында шыны және терезелер цехы, тоқыма емес материалдар шығаратын зауыт пен қонақүй бар. Кәсіпкерлер бизнес жобалары үшін мемлекеттік қолдауға ие бола алады. Биыл өңірде бұл мақсатқа 14,7 млрд теңге қарастырылған. «Шағын және орта бизнес саласында өндірілген өнім көлемі де өсті», – дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаев.
Алмас Салықбаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы:
- Биыл өңірде 925 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Жыл сайынғы өсім кем дегенде 7-8%-ке тең.
Қаладағы мына цехта алюминий профильдері боялады. Үш ай бұрын ашылған өндіріс орны әзірге тестілік режимде жұмыс істеп тұр. Бірақ өнімдері Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де сұранысқа ие. «Сондықтан өндіріс көлемін ұлғайтамыз», – дейді жоба менеджері Бауыржан Болатұлы.
Бауыржан Болатұлы, жоба менеджері:
- Қазақстан бойынша айына 150-200 мың тонна өнім сатылады. Қазір кәсіпорында 15 адам еңбек етеді. Тағы 10 адамды қабылдауға дайынбыз. Өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік зор.
Бизнес ауылда да дамып жатыр. Оған «Ауыл аманаты» бағдарламасы тың серпін берді. Өңірде 15 млрд теңгеге 2700 жоба қаржыландырылды. «Оның 6 млрд теңгеден астамы аудандардағы шағын және орта бизнес саласындағы жобаларға жұмсалды», – дейді «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы департаментінің директоры Ақгүл Әкімжанова.
Ақгүл Әкімжанова, «Ақтөбе» ӘКК жобалармен жұмыс жөніндегі департаменттің директоры:
- Бағдарлама бойынша сұлулық салоны, кілем тігу ісі, сүт өңдеу, темір бұйымдарын жасау, дыбыс жазу студиясы, монша, дөңгелек жөндеу жобалары іске қосылды.
Өңірде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Жоба аясында қосымша 3 млрд теңгеге жуық транш бөлу жоспарланып отыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков.