ҚР Энергетика министрі Оңтүстік Кореядағы АЭС-ке барды
Оңтүстік Кореяға сапармен барған Қазақстанның энергетика министрі әріптесі Ан Док Кынмен және екі ірі корпорацияның басшыларымен кездесті, деп хабарлайды 24kz.
Сондай-ақ, Алмасадам Сәтқалиев жергілікті атом электр станцияларының біріне барды. Оңтүстік Кореяның сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігінде өткен келіссөздер барысында оңтүстіккореялық министр Қазақстанда АЭС салатын компанияларды анықтау бойынша конкурс қашан басталатынын сұрады. Сәтқалиев технологияларды іріктеу процесі басталып кеткенін айтты. Оңтүстік Кореяда 26 атом энергоблогы жұмыс істейді және олар Чехиядағы АЭС салу жобасына қатысып жатыр. Оңтүстік Кореяның сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі чех жобасындағы оңтүстіккореялық компаниялардың тәжірибесі Қазақстанға пайдалы болуы мүмкін екенін қоса айтты.
Ан Док Кын, Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі:
- Біздің елде KEPCO және KHNP компаниялары АЭС құрылысының жобаларын жоспарлы түрде уақытында орындауға мүмкіндік беретін озық технологиялар мен жоғары құрылыс қабілеттеріне ие. Біз Біріккен Араб Әмірліктері мен Чехияда жобаларды жүзеге асырып жатырмыз және жаңа жобаларды жоспарлаудамыз. Біз сондай-ақ өз тәжірибемізді пайдаланып, жергілікті компаниялармен экожүйені дамыта отырып, Қазақстанда да жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз.