Астанада Ақмола облысының жәрмеңкесі өтіп жатыр
Астанада Ақмола облысы ауыл шарушылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Ол ертең де таңғы сағат 8-де басталып, кешкі алтыға дейін жалғасады. Елорда тұрғындары бірқатар тауар өндірушісінің өнімдерін нарықтағы бағадан арзанға сатып ала алады.
Биыл Ақмола облысының диқандары 6,5 миллион тоннадан астам астық жинады. Сәйкесінше жәрмеңкеге сапалы өнім қойды. Ал жалпы елордаға ақмолалық тауар өндірушілер құны 350 миллион теңгеге жуықтайтын 600 тоннадан астам өнім әкелген.
Кенеш Әлімжанов, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:
- Ақмола облысындағы кәсіпкерлер жыл сайын өз өнімдерін жәрмеңкеге әкеліп тұрады. Астаналық тұрғындардың да бұл тауарларға сұранысы жоғары. Биыл барлық өнімді жеткізу үшін 15-тен астам жүк көлігі жұмылдырылды. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілді.
Мұнда ет, шұжық, сүт өнімдері мен көкөніс те сауданың көркін қыздырды. Әрбір тауар нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан саудаланып жатыр. Ал жәрмеңкеге келіп, азық-түлік салынған ауыр дорбасын көлігіне немесе аялдамаға жеткізе алмағандарға волонтерлер көмек берді. Сондай-ақ жәрмеңкенің нақ ортасында үлкен сахна бой көтерген. Онда Ақмола облысының өнерпаздары концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Зәуре Ғалиақбарова, жеке кәсіпкер:
- Қойдың етін, жылқы етін және қымыз әкеліп тұрмыз. Бүгінгі баға 2500 теңге болса, нарықтағы баға 3 мыңның маңайында сатамыз. Қойдың еті бүгін 2200 теңге болып тұр. Қымыз мың жарым теңге 1,5 литр бутылкасы.
Жыл басынан бері Ақмола облысының шаруалары 700 миллиард теңгеге жуық өнім өндірген. Бұл былтырмен салыстырғанда 48 пайызға артық.
Альмира Оразбай, Нұрғали Мамурбаев