Best in Travel 2025: еліміз үздіктер қатарында

Қазақстан - ежелгі дәстүр мен заманауи өмір тоғысқан мемлекет.

Халықаралық Lonely Planet журналы елімізді осылай сипаттап, саяхаттауға қолайлы ең үздік елдердің бірі деп жариялады. Бұл айтарлықтай жетістік. Шетелдік мамандарды бай тарихымыз, алуан түрлі табиғат пен қайталанбас мәдени мұрамыз тәнті еткен.  

Даниел Сержанұлы, Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары

Нағыз туристердің саны артты

Елде еуропалық туристердің саны артты. Әсіресе Германиядан келгендердің үлесі үш мыңға жуықтаған. Ал ұлыбританиялық меймандар саны екі мыңға таяды. Екі жарым мың америкалық саяхаттаушымыз бар.

Олардың дені әсем табиғатымызды көріп, есті тарихымызға бойлауды көздеген. Өткен айда елге 140 мың турист келді. Ең көп мейман Өзбекстан, Ресей, Қытайдан келіпті.

eQonaq жүйесіне тіркелген шетелдік туристердің 40 пайызға жуығы саяхаттау мақсатын көрсеткен. Жеке шаруалармен келгендердің үлесі 30 пайыз шамасында. Туристердің 10%-ы іскерлік кездесулер үшін келіпті. Бір қызығы елге келетіндердің басым бөлігі 39 жасқа дейінгі азаматтар екен.

Ең көп турист:

Өзбекстаннан – 40 452

Ресей – 34 650

Қытай – 15 868

Келген туристер:

39,1% - саяхаттауға

28% - жеке шаруаларымен

10,3% - іскерлік кездесулерге

4,6% - жұмыс бойынша

18% - өзге себептермен 

eQonaq жүйесіне тіркелген 460 652 заңды орналастыру орны туристерге қызмет көрсетеді. Олар жүйе іске қосылғалы 3,3 млн шетелдік туристі қабылдады. Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, ел экономикасы үшін сырттан келген меймандардың үлесі зор. Себебі олар қонақ үйлерде тұрады, елдің танымдық жерлерін аралайды. Ал бюджетке түсетін түсім орташа алғанда 1500 доллардан асады.

Ең бастысы, әр мейман екі жұмыс орнының ашылуына себепші болады. Алайда, әзірге сырттан келетіндердің басым көпшілігі саяхаттан гөрі уақытша жұмыс іздеуді мақсат тұтатын көрінеді. Салдарынан ел қазынасына түсуі тиіс қаражат сыртқа кетеді. Мәселен былтыр, 960 млрд теңге шетел асты. Оның басым бөлігі Өзбекстан мен Ресейге аударылған. Ұлттық банк сарапшылары бұл соманың анағұрлым көп болуы мүмкін дейді. Себебі криптовалютамен жолданған қаражат есепке алынбайды. Ал валютаның бұл түрі Ресейде кең қолданыста. Еске салайын, былтыр еліміздегі туристік салаға 230 млрд теңге пайда түсті.

eQonaq жүйесінде:

460 652 заңды орналастыру орындары

3,3 млн шетелдік турист