Абай облысының бюджеті екі жыл ішінде 2 есе ұлғайды

Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына екі жыл өтті, деп хабарлайды 24kz.

Үкіметпен бекітілген тұжырымдама бүгінде өзінің өміршеңдігін көрсетті. Жаңа облыс құрылғалы жылдық бюджет екі есе өсті. Жылу жүйелері мен жолдарға қатысты қордаланған мәселелер шешімін тапты.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Дербес бюджетке ие болған облыс әуелі жылу жүйелерін ретке келтіруді қолға алды. Тозығы жеткен қазандықтар ауыстырылып, жылу желілері 40% жаңарды. Қоғамдық көліктің жұмысы жанданып, жолдар жөнделді.

Блиц

- Қазір біз үлкен кісілерміз, былай жолдан өтіп сүрініп жүретінбіз. Қазір тура зымыратып бір сағат жүретін жерімізге жарты сағатта барып келеміз. Орталыққа балаларыммен шығатын жер бар. Островты қандай күшті етіп істеп қойды.

Блиц

- Алаңдар салынып жатыр. Әр аулаға кірсеңіз, бұрын ондай болмайтын. Жақсы балалар ойнайтын алаңдар салынып жатыр. Көшелер тазалықпен ұсталынып жатыр. Елімізде тыныштық қой. Ең бастысы, халқымыз тыныш өмір сүріп жатыр.

Бюджетке қаржы түскенде Семейде құрылыс қыза түсті. Қазір жаңа көпір салынып жатыр. Қалалар мен ауыл-аймақтарда жүздеген әлеуметтік нысандар бой көтерді. Екі жыл ішінде төрт мыңнан астам тұрғын баспаналы болды. Республика күні қарсаңында облыс орталығында тағы 30 отбасына пәтер кілттері табысталды.

Диана Шаяхметова, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Келесі жылға жоспар 500 пәтер беретін жоспарымыз бар. Бірақ ол да қаражатқа байланысты. Қаражат бөлінсе, 500 пәтер деп жоспарлап отырмыз. Жылдарды салыстырсақ та, 2022 жылы 128 пәтер бөлінді. Ал 2024 жылы төрт жүздей беріліп жатыр. Бұл екі есе көп.

Мемлекет қолдауы өңірдегі өндіріс саласын ілгерілетті. Екі жылда машина жасау зауытының өндірістік қуаты 30%-ке ұлғайды. Кәсіпорын жылына бір жарым мың трактор жасап, 4 мыңнан аса ГАЗ маркалы жүк көлігін шығарады.

Дәурен Қолымбаев, Семей машина жасау зауытының өндірістік директоры

- Өндіріс саласы жыл сайын дамып келеді. Индустрия министрлігі мен жергілікті билік қолдау көрсетіп отыр. Келер жылға арналған ауқымды жобаларымыз бар. Жалпы бізде 700-ден аса адам еңбек етеді. Орташа жалақы шамамен 300 мың теңге.

Жасұлан Сарсебаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Облыс өзінің кірісін ұлғайтып, екі жылда салыстырғанда 1,7 есеге көбейген. Екінші мәселе осы экономикалық дамудың арқасында адамдардың тұрмысын жақсартуға әсер ететін салалардың қаржыландыруы да көбейген.

Облыстағы айтулы оқиғалардың бірі Мақаншы және Жаңа Семей аудандарының құрылуы болды. Халық осы жаңалықты 30 жыл бойы күтті. «Бұл шешім тұрғындардың өмір сүру сапасына ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді», - деген сенімде облыс әкімдігіндегілер.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов