Шардара су қоймасына 635 мың шабақ жіберілді
Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына 635 мың шабақ жіберілді.
Олар тұқы, ақамур және дөңмаңдай балықтары. Ал былтыр өңірдің балық өсіруші кәсіпорындары өзен-көлдерге 950 мың шабақты жіберген болатын.
Шабақтарды су қоймасына жіберілмес бұрын салмағы өлшеніп, саны түгенделеді. Олар тоғандарға өз қорегін таба алатын дәрежеге жеткенде жіберіледі. Күзгі маусым балықтар үшін қолайлы болғандықтан шабақтардың өсіп-жетілуі 70 пайызға дейін артады, дейді мамандар. Жұмыс барысын арнайы комиссия бақылады.
Марат Қарақұл, облыстық балық инспекциясы бөлімі басшысының м.а.:
- «Хамит» ауыл өндірістік коперативінің тоған шаруашылығынан шабақтарын алып, Шардара су қоймасына тастап жатырмыз. Жалпы шабақтардың саны 635 мың. Оның ішінде 300 мыңы тұқы тұқымдас, 20 мыңы ақамур, 135 мыңы дөңмаңдай. Балық шабақтарын тастау жұмыстарының басты мақсаты – балық шаруашылығын дамыту, өсімін молайту.
Өңірде тауарлы балық өсірумен айналысатындар мемлекет қолдауынан тыс қалып жатқан жоқ. Биыл оларға жарты миллиард теңге субсидия берілді. Одан қалды 237 млн теңге инвестициялық субсидия тағайындалды. Жалпы Түркістан облысында 112 су айдыны бар. Оның 8-і республикалық, қалғаны жергілікті маңызға ие. Қазір балық өсіретін 231 шаруашылық болса, келер жылы олардың санын 250-ге жеткізу көзделген. Былтыр 6847 тонна тауарлы балық өндірілсе, биылғы меже...
Абай Сәдірхожа, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- 7 мың тонна, қазіргі таңда 2 мың тоннаға жуық тауарлы балық ауланды. Әрі қарай жылдың соңына дейін жоспар орындалады. Себебі балық осы қазан, қараша айларында толық өсіп, жетіледі. Сондықтан осы айларда біз балықтардың ауланғаны мен сатылғанымен 7 мың тоннаны орындап шығамыз. 2030 жылға дейін 20 мың тоннаға жеткізу жоспары бекітіліп қойған.
Сонымен қатар өңірде балықты терең өңдейтін 4 зауыт бар. Былтыр өнімнің 80 пайызын экспортқа шығарды. Су маржандары негізінен Еуропа елдері мен Америкаға жөнелтіледі. Жалпы Түркістан облысы тауарлы балық өндіруден республикада көш бастап тұр.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш