«ҚазМұнайГаз» серіктес компаниялармен геологиялық барлау жұмыстарын күшейтеді

Бұдан былай Оңтүстік Торғай және Шу Сарысу кеніштерінде тың технологиялар пайда болады. Жаңа кен орындарының тереңдігі 5 мың метрден асады. Қызылордада геологиялық барлау және мұнай өндіруді арттыру тақырыбына арналған семинарда осы мәселелер талқыланды.

Мұнай-газ саласындағы мәселелерді талқылау алаңы ретінде Қызылорда облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Өңірде 2013 жылы 11 миллион тонна қара алтын өндірілсе, былтыр 4 миллион тоннаға жуықтады. Биыл тағы 3%-ке азаяды деген болжам бар. «Көмірсутек қорын толықтыру үшін әлемдік озық технологияны пайдалану маңызды», – дейді «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Ұлттық компания өзіміздің серіктестігімізді «CNPC» мекемесінің осы өңірге шақырып, жаңа технологияларды енгізіп, бүкіл жаңа технологияларды пайдаланып, Оңтүстік Торғай және Шу Сарысу бассейнін біз зерттеуіміз қажет деген біздің сондай тұжырымымыз, ұстанымымыз бар.

Оңтүстік Торғай алабындағы мұнай қоры 3,2 млрд тонна деп болжанып отыр. Биыл «ҚазМұнайГаз» Торғай палеозой учаскесінде 5,5 мың метр тереңдікке дейін ұңғыма бұрғылауды бастады. «Бұрын аймақта дәл осындай тереңдікте ұңғыма болған емес», – дейді мамандар. Семинар барысында Қызылорда облысының әкімдігі, Энергетика министрлігі және «Қазгермұнай» біріккен кәсіпорны инвестициялық жобаны іске асыру туралы меморандумға қол қойды.

Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары:

- Сұйытылған мұнай-газды отын ретінде қолданып жатқан автокөліктердің саны ұлғайып келеді. Егер былтырғы санмен салыстырсақ, 200-300%-ке өсіп келе жатыр. Тапшылық болдырмау мақсатында осындай жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық CNODC компаниясы бірлесіп, геологиялық зерттеу жүргізуге келісті.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.