Қарағанды облысында қой жүні кәдеге аспай жатыр
Бір ғана Қарағанды облысында жыл сайын 1 миллион тонна жүн қырқылады, деп хабарлайды 24KZ. Бірақ текке шіриді. Болмаса шаруалар амалсыз өртеп жібереді. Әйтпесе, мал ауруын туғызуы мүмкін. Жергілікті билік осы жүнді кәдеге жарату үшін енді қандай шара қарастырмақ?
Қанат Отарбаевтың 1999 жылы Нұра ауданының Изенді ауылында асылтұқымды қой шаруашылығын ашқан. Қазір оның отарында 10 мыңға жуық биязы жүнді қой бар. Жартылай қылшықты қой жүні – кілем, тоқыма өнеркәсібіне таптырмас шикізат. Дегенмен соңғы жылдары ұраныс жоқ. Ауылға келетін алыпсатарлар да биыл төбе көрсетпеген. «Себебі елдегі жеңіл өнеркәсіптің мардымсыздығы, жүнге сұраныстың жоқтығы олардың да жұмысын қаңтарып тастады», – дейді фермер.
Қанат Отарбаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Қойдың енді негізгі өнімдерінің бірі жүн ғой. Сол жүнге қазір сұраныс жоқ. Мына артымызда тұрған жабағы жүн көктемгі қырқымдікі. Осы күнге дейін сұраушысы жоқ, алушысы жоқ. Іздеп те жатырмыз. Бұл – өте сапалы жүн. Бұрын кілем, костюм-шалбар, тоқыма өнімдерін тоқитын.
Жүнді құрғақ қоймада сақтамаса, ылғал тартып, кейін сапасын жоғалтады. Сұраныс болмаған соң оны сақтаудың да мәні жоқ. Ал далаға шашып тастаса, түрлі мал ауруы таралуы мүмкін. Амалы қалмаған шаруалар тонналаған шикізатты жағып жібереді.
Қанат Отарбаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Жүннің енді пайдаланатын жері тоқыма өнеркәсібі ғой. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту керек. Кейіннен естіп қалып жатырмын, әлгі құрылысқа жылыту панельдері дейді ғой, соған пайдаланады деп. Пенапластан жасап жатыр. Осы жүнді қолға алып пайдаланса, таптырмайтын материал.
Жергілікті билік жүнді өткізу, өңдеу ісін дамыту үшін инвестиция тартуға тырысып жатыр. Әзірге нәтиже жоқ.
Бауыржан Асанов, облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары:
- Ол мәселе бар біз қазіргі таңда жүн өңідеуді қолға алу үшін жан-жақты инвесторлармен қолға алып отырмыз. Мүмкін арзандатылған несие берерміз, мынау біздің әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы немесе басқа да қажеттілік, инженерлік-инфрақұрылым қажет болса, оның барлығына біз көмектесуге дайынбыз.
Былтыр облыста 1 миллион тоннадан астам жүн өндірілген. Бұл жылдағыдан 2%-ке көп. «Шикізат көлемі артқанымен, оны кәдеге жарату жағы ақсап тұр», – дейді шаруалар.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбьаев, Зарина Зұлпыхар.